Бүгін еліміздің басты символдарының авторы, бірегей тұлға - Шот-Аман Уәлихановтың туған күні

Кеңестік және қазақстандық белгілі мүсінші, Қазақстанға еңбек сіңірген сәулетші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстан Республикасы елтаңбасы авторларының бірі Шот-Аман Уәлиханов Солтүстік Қазақстан облысында қазіргі Айыртау ауданы Сырымбет ауылында 1932 жылы дүниеге келген. Қазақтың ұлы ғалымы, тарихшы, этнограф, географ, ағартушы Шоқан Уәлихановтың тікелей ұрпағы.
Шот-Аман Уәлиханов - Алматыдағы Тәуелсіздік монументінің, сонымен қатар Қазақстан елтаңбасының да авторы.
Сондай-ақ ол елорда төріндегі Кенесары Қасымұлы, Қостанай қаласындағы Ахмет Байтұрсынұлы, Ерейментаудағы Бөгенбай батырдың, ШҚО-дағы хакім Абай мен Шәкәрімнің, Алматыдағы Шоқан Уәлиханов, Дина Нұрпейісова, Əліби Жангелдин, Тоқаш Бокин, Ғани Мұратбаев, Нұрмолда Алдабергенов, Талғат Бигелдинов, Жұмағали Саин, Тайыр Жароков, Тахауи Ахтанов, Əбу Сəрсенбаев, Дінмұхамед Қонаев, Тілес Қажығалиев, Құрманай Омарова, Нұрғали Тасмағамбетов, Шафик Чокинге арналған туындыны халық жақсы біледі. Сол сияқты Алматыдағы "Динамо" стадионы, Алматы қаласы əкімдігінің, қазақ-неміс университеті ғимаратының, Қарағандыдағы Космонавтика монументі сынды еңселі нысанның жобасын жасады.
"Ақ нұр" (1982), "Тағдыр" (1984, үшінші жүлде алған), "Террор" (1998), сондай-ақ "Жас Шоқан", "Шоқанның ақ түні" т.б. пьесалары театр сахнасында қойылып жүр. 1965 жылы "Таспен жазылған симфония" атты повесі жарық көрген. Әлеуметтік ғылымдар академиясының академигі (1999), Халықаралық Шығыс елдері сәулет өнері академиясының академигі (2001), профессор (1998), ҚР Мемлекеттік сыйлығының иегері (1970), Республиканың Еңбек сіңірген сәулетшісі. ҚР Сәулетшілер, Суретшілер одақтарының мүшесі.
"Құрмет" орденімен марапатталып, Тәуелсіз "Тарлан" сыйлығының иегері (2001) атанған.
Тау тұлға 2021 жылы 31 наурызда 89 жасқа қарағанда шағында Алматы қаласында дүниеден өтті. Еліне өлшеусіз үлес қосқан азаматтың жарқын бейнесі, ерен еңбегі қалың қазақтың жүрегінде мәңгіге сақталады.