Адамның есімі тағдырына әсер ете ме? Сарапшылар пікірі
Елімізде Елбасы, Теңге, Нұрлы жол, Рухани, Изаура, Пеле, Месси, Рианна, Тимоти, Мадонна, Афродита, Эрос, Аристарх, Арья, Флор, Спиридон сияқты ерекше есімдер тіркелген. Кейбіреулер бұндай аттарынан ұялатындарын жасырмайды.
Аты-жөнді өзгертудің жолы
Қазақстандық Руслан есімді жігіт бала кезінен Василий деген есімін ұнатпаған. 16 жасында паспорттағы деректерін өзгертуге өтініш берген. Өйткені 16 жасқа жеткен соң ғана аты-жөнді өзгертуге болады. Руслан есімін алған соң мектеп ауыстырған, өйткені, сол кездегі сыныптастары мен мұғалімдері жігіттің жаңа есіміне үйренісе алмаған.
Бұрын аты-жөнді өзгерту үшін ХҚО жағалау керек еді. Қазіргі таңда eGov арқылы онлайн өтініш жолдауға болады. Өтініш электронды үкімет порталындағы "Отбасы" бөлімі арқылы қабылданады.
Алдымен eGov.kz порталына кіресіз. Кейін:
- eGov.kz порталына тіркелесіз;
- қызметті таңдайсыз;
- куәлік беретін ХҚО таңдайсыз;
- отбасылық жағдайыңыз бен табыс көзін толтырасыз;
- өзгеріс енгізу керек актілік жазбаның нөмірі мен тіркеу күнін белгілейсіз;
- актілік жазба үшін қандай өзгерістер мен толықтырулар керек екенін белгілейсіз;
- өзгеріс енгізу үшін құжат тіркейсіз;
- төлем жасайсыз;
- өтінішке қол қоясыз.
Қандай құжаттар керек? Туу туралы куәлігіңіз, неке куәлігі (некені бұзу туралы куәлік), балаңыздың туу туралы куәлігі, бала асырап алсаңыз осыған сәйкес құжат та сұралады.
Осы әрекеттерді жасаған соң қызмет нәтижесі eGov.kz порталындағы жеке кабинетте ескерту түрінде пайда болады. Дайын құжатты ХҚО береді.
"Қиын тағдырын қайталамасын"
Кей уақытта аты-жөнді өзгерту қиын болуы мүмкін. Мысалы, өз атыңызды ұнатпайтыныңызды қандай құжат арқылы көрсете аласыз? Бұндай жағдайда ХҚО-ға барып, қызметкерлерге толық түсіндіруіңізге болады.
Алматылық Сания Аркадий есімді жолдасымен ажырасқан соң әкесінің атын алған екінші сыныпта оқитын баласының атын өзгертуге шешім қабылдайды.
"Оның ауыр тағдырын қайталағанын қаламаймын", - дейді әйел.
-2000-жылдардың басында болды бұл жайт. Тіркеуші орында аты-жөнді өзгерту оңай екенін айтты. Бір бума құжат жинау керек екен, оның ішінде әке жағынан өтініш болуы тиіс. Әкесі рұқсатын беріп, баланы Арсений деп қайта атадық. Енді ол үйде басқа, сыртта басқа есіммен жүреді, - дейді Сания.
Қазақстандық Әлибек Төлеухановтың жағдайы күрделірек. Бірнеше жыл бұрын аты-жөнін атасы Әкімбектің құрметіне Әли Әкім деп өзгертпек болған. Атасының аты Әкімбек болғандықтан, өтініші орындалмаған. Әлибек бұл шешімді сот арқылы қайта қарастыратынын айтады.
Алматы тұрғыны Алина өзін мәпелеп өсірген өгей әкесінің тегін алмақ болады. Өгей әкесі қарсы еместігін айтып хат берген соң Алинаның тілегі орындалған.
Есімді өзгерткенде тағдыр өзгере ме?
Қазақстанда он жылдай уақыт бұрын паспортпен бірге есімді де өзгерту сәнде болды. Емшілер бойыңдағы бүкіл жамандықты алып тастау үшін атты өзгерту жеткілікті екенін айтады. Шын мәнінде өткен шақты қанша құжат жасасаң да өзгерте алмайсың, жеке куәліктің қайта жасалғаны арнайы кілт сөз арқылы бәрібір білініп тұрады.
Дін не дейді?
Қазақстанның бас мүфтиі Наурызбай Тағанұлы Өтпеновтың блогында былай деп жазылған:
"Егер адам әлдебір себептермен өз есімін ұнатпаса немесе мағынасы нашар болса, оны ауыстыруға ешқандай кедергі жоқ. Азан шақырып, құрбан шалудың да қажеттілігі жоқ".
Ал Алматыдағы мешіттердің бірінде имам болып қызмет атқаратын Емінов Нұрмұхаммедтің айтуынша, егер қойылған ат исламға сай келмесе, оны ауыстыру керек. "Алла Елшісі бұндай аттарды ауыстырған", - дейді ол.
Антропонимика және демография
Тәуелсіздік алған соң көптеген қазақстандық тектерінде кездесетін орыс жалғауынан бас тарта бастады. Бұның себебі – өз ата-тектеріне қайта оралу еді.
Алайда жалғаудан бас тартудың да мәселесі шаш етектен.
Демографиялық санақ бойынша сарапшы Қайыр Рысбаевтың сөзінше, "ов", "ев", "ин" жалғаулары жоқ тектерді есімнен ажырату қиын. "Ұлы" мен "қызы" деп аяқталатын тек мәселені одан әрі ушықтырады, өйткені ол текте де, әкесінің атында да қайталанады.
Қазіргі таңда Қазақстан халқының саны 20 миллионға жетті. Жақында көлемді есімдер жинағы шықты. Филология ғылымдарының докторы Гүлнара Көлдеева 1990-2000 жылдар аралығында 40 000 қазақ аты мен 19 000 қазақ тегінен тұратын жинақ шығарды. Қазіргі күні балабақшада, мектептер мен университеттерде аты-жөні бірдей адам көп. Рысбаевтың пікірінше, идентификацияның дұрыс жолы – текті әкеден балаға беру. Яғни әр ұрпақ ауысқан сайын текті ауыстырудың қажеті жоқ. Бала өз әкесінің тегін алуы тиіс.
Есімнің ертеңі
Балаға ат қоймас бұрын Ұлттық статистика бюросының сайтынан ат туралы мәлімет жинақтау керек. Баланың аты қатты танымал болмағаны жөн. Экзотикалық ат та қажет емес, ортақ шешім болуы тиіс.
Қазақстанда күніне орта есеппен 1204 бала дүниеге келеді. Әр балаға есім қоярда абай болған жөн, дейді сарапшылар.