Шын ба, өтірік пе? Алматы зообағы келушілерді шатастыратын жануар туралы айтты
Зообақ мамандары көбіне қозғалыссыз жататын қолтырауынды "Кубадан келген досымыз" деп атайды. Шынымен бұл жануар бірнеше сағат бойы қимылдамай жатады.
"Біз ең үлкен бауырымен жорғалаушы – Кубалық қолтырауын туралы айтып отырмыз. Оған өзіне тән ерекше Фидель деген ат берілді. Ол 1986 жылы туған, Фидель бізге 2001 жылы Латвия елінің Рига қаласындағы хайуанаттар бағынан әкелінді. Қазір ол 37 жаста және ұзындығы шамамен 2,5 метрге жетеді", - деп хабарлады Алматы хайуанаттар бағы өзінің Instagram-дағы парақшасында.
Фидельдің рационында сиыр еті, тауық еті және балық бар. Фидель аптасына бір рет, кейде екі аптада бір рет қоректенеді. Себебі бұл жануар апта бойы қозғалыссыз жатып, жегенін қорытады. Табиғатта қолтырауындар отырықшы өмір салтын ұстанады және күнделікті қоректенбейді.
"Мұндай сәттерде оны біздің келушілер суда немесе жағалауда тойымды түскі астан кейін жиі көреді. Қолтырауындар тамақты күнделікті жеп, шамадан тыс қоректенсе, ол семіріп, жүрек, қан тамырлары мен асқазан-ішек жолдарының аурулары пайда бола бастайды. Қолтырауынды ұзақ бақылап, оған қарап тұрсаң анда-санда көзін ашып-жұмып, аузын қатты ашып, жауып тұратынын көруге болады". Алматы зообағы
Қолтырауындардың асқазанына су түспеуі үшін өңештерін таңдай пердесі жауып тұрады. Соның арқасында суда жүзіп жүріп жануарларға шабуыл жасағанда асқазанына су түспейді.
Алматы хайуанаттар бағында қолтырауындардың үш түрі бар: кубалық, сиамдық және Кайман қолтырауыны. Олар күздің жаймашуақ күндерінде даладағы қоршауларда тұрады. Біраз күнде олар жылы әрі жайлы қысқы тұрақтарына орналастырылады.