Ұлытау облысында туристік инфрақұрылымды дамыту шаралары қабылданып жатыр
Ол өңірдегі киелі жерлер мен әртүрлі дәуірлердегі тарихи ескерткіштер облыстың туристік әлеуетін, әсіресе, этно және экотуризмді арттыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
"Логистикалық проблемаларға қарамастан, 6 айда келуші туристер саны 7%-ға өскенін байқап отырмыз, бұл ретте өңірге келген шетелдіктер саны 2 есеге жуық өсті. Қонақ үйлер көрсеткен қызметтер көлемі 240 млн теңгеге дейін немесе 32%-ға өсті".Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы
Биыл облыс орталығына Алматы мен Астанадан пойыздар мен авиарейстер қозғалысының жиілігі артқан. Енді қонақтар Ұлытауға жайлы Тальго вагондарымен бара алады. Қазан айында Шымкентке әуе рейсі іске қосылып, бір айдан кейін ұшу жиілігі аптасына 2 реттен 3 есеге дейін өсті.
"Облыста туристік инфрақұрылымды дамыту үшін бірқатар шара атқарылып жатыр. Өңірде қонақ үй кешендерінің тапшылығы байқалады. Біз бұл мәселені біртіндеп шешіп жатырмыз. Мәселен, Жаңаарқа ауданында екі қонақ үй кешені ашылды. 2024 жылы Жезқазған қаласында құны 1,5 млрд теңге болатын жалпы сыйымдылығы 100 орындық 2 қонақ үйді іске қосу жоспарланып отыр", – деді аймақ басшысы.
Бұл ретте, өңір басшысының айтуынша, бизнеске салынған инвестициялар шығындарының 10%-ын өтеу түріндегі мемлекеттік қолдау шаралары көрсетіледі.
Бұған қоса қонақ үй бизнесінің танымал брендтерінің франшизасын тарта отырып, облыс орталығында жұмыс істеп тұрған үлкен қонақ үйді қайта құру жоспарланған.
Әкімнің сөзінше, келер жылы "Жошы хан" тарихи-мәдени кешені мен Домбауыл кесенесіне дейінгі жаңа жолдың құрылысы аяқталады.
"Қазақмыс" корпорациясымен жасалған меморандум аясында Ұлытау өңіріндегі Әулиетау етегінің, Күмісбұлақ және Тасбұлақ бұлақтарын абаттандыру жұмыстарының эскиздері әзірленді. Алдағы туристік маусымда облыс тұрғындары мен қонақтары атқарылып жатқан жұмыстардың куәсі бола алады.