Алматыда мүмкіндігі шектеулі жандардың алғашқы инклюзивті концерті өтті
Ең қызығы – олар мүгедектігі жоқ адамдармен бірге өнер көрсетіп, шығармашылықта шектеу жоқ екенін дәлелдеді.
Аталған шараның ұйымдастырушысы – 22 жастағы Виктория Безматенная есімді бойжеткен, оның көзі толық көрмейді. Қазіргі таңда ол – алматылық барлардың бірінде Viyan есімді диджей. Оған дейін Sector X әлеуметтік радиосында жүргізуші болған.
Виктория жақында Zhas Project әлеуметтік жобасының грантын ұтып алды. Ол ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" КеАҚ мекемесі арқылы жүзеге асқан.
Виктория Қазақстан бойынша алғаш рет мүгедек жандарға арналған музыкалық шараны ұйымдастыра отырып, оларға өз авторлығындағы туындыларды орындауға мүмкіндік сыйлады. Жобаның аты: "Қаттырақ жаса!" деп аталды.
"Жобаны бұлай атаған себебіміз – музыка естілу керек, ол билеуге сәйкес келу үшін қаттырақ естілуі тиіс", - дейді Виктория.
Бойжеткеннің сөзінше, бұндай жобалар мүгедек жандар үшін ғана емес, дені сау адамдар үшін де керек.
"Бұндай кештерді ұйымдастырған керемет, өйткені, мүгедектігіме байланысты еш жерде өнер көрсете алмайтынмын. Мысалы, менің көзім қорқынышты дейтін. Сондықтан қыз-жігіттерге осындай кеңістік ұйымдастыру арқылы өнер көрсетуге мүмкіндік беру керек деп ойладым", - дейді ол.
Диджей пульті көз мүгедегі бар төрт жанға бұйырды, ал тағы төртеуі қонақтардың алдында өз әндерін орындады.
"Коля Колесников ойнады, ол – көз мүгедегі. Ваня Ткачев, Кристина Желудкова, Нұржан Сатыбалдин авторлық әндері мен каверларын орындады. Мен диджей-сет жасадым, оның құрамына бас-хаус, драм-энд-бейс енді", - дейді Виктория.
Музыка расымен көп ойналды, қонақтар музыканттарға қуана-қуана қол соғып, рахаттана биледі.
Кешке қатысушылардың бірі Кристина мен Ваня – отбасылық жұп. Олардың сөзінше, бұндай шараларда авторлық әндерді паш ету – барлық адамның тең екенінің көрінісі.
"Бұл жобаға қатысуға шешім қабылдаған себебіміз – атмосферасы бөлек, вайб бар. Бірінші кезекте өз шығармашылығыңды көрсеткің келеді, сөйте отырып барлық адамның тең екенін білдіреміз", - дейді Ваня.
Ваняның жұбайы Кристина өнер көрсету арқылы жаңа тәжірибе жинағанын жасырмады.
"Бізді Вика шақырғанда бірден келістік. Өйткені Вика қолға алған қандай іс болмасын өте қызықты өтеді", - дейді ол.
Кейіпкерлердің сөзінше, олар сахнаға бұрын да шыққан. Ваня кітапханада, Мәдениет үйлерінде көзі көрмейтін жандардың концерттеріне қатысса, Кристина Италияның филармониясында өнер көрсеткен.
Шара өткен "Диссонанс" барының қожайындары Алина Андреева мен Эрик Максименко Виканың диджей ретіндегі талантын бағалайды.
Алинаның сөзінше, Қазақстанда бұндай инклюзивті кештер ешқашан өтпеген, сондықтан олар Викаға құжат жинап, грантқа ұсынуға көмектескен. Алайда қаржыландыру кешігіп, ұйымдастырудың бүкіл шығынын Вика мен бардың қожайындары өздері көтерген.
"Виктория – менің жан құрбым. Оның диджей ретіндегі жолы осы жерден басталды", - дейді Алина.
Викторияның өзі диджей саласына қалай келгенін былай әңгімелейді.
"Қайталана беретін күйбең тірліктен шаршадым, үй-жұмыс-үй тірлігі жаңа хобби іздеуіме итермеледі. Диджей мектебіне жазылдым. Диджей ұстазым Кирилл маған бәрін үйретті. Пультте отырғанда саусақ арқылы бәрін сезесің. Диджей бағдарламасынан қиналдым. Өйткені ол жерде мүгедектерге арналған дыбыстау бағдарламасы жоқ. Сондықтан ноутбуктағы экранды үлкейтіп, экран лупасын қойып, сол арқылы сетке арналған тректерді дайындаймын", - дейді Виктория.
Қазіргі таңда жүктеменің көп болуынан Виканың көзі нашарлауда. Бойжеткен қымбат тұратын отаға зәру. Алайда отаның сәтті шығу-шықпауы 50-де 50.
"Басқалай алып бара жатқан қиындық жоқ. Диджей ешқашан пультке қарамайды, көрермен залына қарап, бәрін саусағы арқылы істейді. Мамандардың айтуынша, диджей пультке қарап отырса, оған сын. Өйткені залмен жұмыс істеу керек", - деп жымияды бойжеткен.
Виктория мүгедектігі бар шығармашылық адамдарына арналған жоба алда да жалғасын табатынына сенімді. Өйткені олар бойындағы дарынын күллі елге паш етуден шаршамайды.
Мейіргүл Оңғарова