Ресурсы жоқ ата-ана: не істемек керек?
Ресурсты емес күй қайдан туады? Оның себебі көп. Адам физикалық және рухани тұрғыда шаршаңқылықты ұзақ уақыт күйзеліс жағдайында болғанда сезеді. Ұзақ мерзімді күйзеліс кезінде ағза шаршап, мотивация азаяды, ашу, жан-дүниеңді бос кеңістік сияқты сезіну, ұйықтай беру сияқты әдеттер пайда болады. Адам көп нәрсеге деген қызығушылығын жоғалтып алады.
Қоғам заманауи ата-анаға қаншалықты көп талап қойған сайын ресурсты емес күй көбейеді. Әлеуметтік сұрақтың көп болуы ата-ананың өзін "толыққанды ата-ана" сезінбеуіне әкеп соғады.
Ата-ана шыдамды, түсінетін, бәрін байқап жүретін, баланың жеке шекарасын сыйлайтын, қорғайтын жан болуы тиіс. Үнемі көңілді, ашық-жарқын жүруі тиіс, өз-өзін дамытатын, кез келген уақытта балаға көңіл бөле алатын деңгейде болуы керек. Заманауи қоғам осындай ереже сызып қойған.
Баланың кез келген қалауын шамадан тыс еркелетпей орындауы тиіс, оған әлемді танытуы керек. Бұл да қоғам сызған ереженің ішінде бар.
Ата-аналар толыққанды, мінсіз болуы үшін қолынан келгеннің бәрін жасайды. Алайда өмір ережеге бағынбайды. Мысалы, үйірмеден-үйірмеге тасыған баласы соңында ештеңеге құлықсыз болып қалса, ата-ана бұны үлкен соққы ретінде қабылдайды. Бұл жерде ата-ана сонша тырысып, жауын мен қарға қарамай баласын үйірмелерге апарды, алайда баласы үміттерін ақтамады.
Мінсіз ата-ана болуға талпыну ерте ме, кеш пе ақталмаған үмітке, физикалық тұрғыда шаршауға, қажуға әкеп соғуы мүмкін.
Мінсіз ата-ана дегеніміз – бар күш-жігерін қоғам сызып берген шеңберге салатын адам емес, өз күшін объективті тұрғыда бағалап, өз баласына бар мейірімді, қолдауды бере алатындай етіп күшін реттейтін, сөйте отырып, күш-қуаты өзінде қалатын адам.
Яғни баламды адам қылам деген жақсы ниеттің соңы зиянға ұшыратуы ғажап емес. Сондықтан өз күшін ретімен жұмсауды үйрену керек.
Бұл тұрғыда психологтар не дейді? Психотерапевт Сая Бақимова жіліктеп берді.
"Өзім әбден шаршаған аналармен көбірек жұмыс істеймін. Бала тәрбиесінде аналар көп ойланатын сияқты, ал ер адамдар қашып кетуге тырысады. Ресурс жоқ деген дүниені екі түрлі жағынан алуға болады: біріншісі, көмексіз, демалыссыз ұзақ уақыт бойы шаршау, екіншісі, бала босанғаннан кейінгі депрессия. Аналарда алғашында дұрыс ұйықтамағандықтан, дұрыс тамақтанбағандықтан галлюцинация болады. "Көзіме қара бірдеңе көрінді" деп жатады, "Баламды ұйықтатып жүргенде көзім ілініп кетіпті, оянсам, қолымда бір құбыжық сияқты бірдеңе жатыр, тастап жібердім" деген стористар оқимын. Бұның бәрі шаршағаннан болады. Ал депрессия болған кезде адам өзі байқамаса да, жанындағы адамдар сондай сезімтал болса, "сен бұрын бұндай емес едің ғой" деп дер кезінде маманға апара алса, онда ол анаға басқаша көмек болу керек. Бірінші айтқан ұзақ уақыт бойы қажыған, шаршаған, содан ресурсы таусылған аналар бірінші өзіне көмектесуді қолға алғаны дұрыс", - дейді Сая Бақимова.
Психотерапевт маманның сөзінше, қажитын аналардың көбі – балаға адал болам, дұрыс тәрбие берем деп талпынатындар.
"Адам неге шаршайды? Адам қандай да бір ойындағы деңгейге жетем деп шаршайды. Мынаны істеймін, мына нәрсеге үлгерем деген мақсат қояды. Көбіне қажитын аналар – жұмысын адал атқаратындар. Оларға айтатын кеңесім – сол бір мақсатты түсіріп, өзіңе деген талапты өте қатты көтермеу. Кеше ғана естідім, "4 балам бар, алайда мен олардың бәрімен сөйлесіп үлгермеймін, мен жаман анамын" дейді. Балалары жайлы үйде тұрып жатыр, киімдері таза, тамақтары тоқ, мектебіне барып жатыр, әзірге нәтижесі – осы, бұның өзі аз емес. "Неге мен сөйлеспеймін, неге ойнатпаймын, неге бәріне үлгермеймін?" деген кінәлау сезімін тоқтату керек. Ол ешкімге пайда әкелмейді. Өміріңізде қатты шаршап жатқан кезең болса, балаға тек базалық нәрселерді қалдыру керек. Егер базалық нәрсеге шамаңыз келмесе, мысалы, таңертең тұрып тамағын бере алмайтындай жағдайда болсаңыз, ол депрессия", - деп түйіндеді сөзін Сая Бақимова.
Автор: Мейіргүл Оңғарова