Қазақстанда сотталған әйелдерге рақымшылық жасау керек пе
Осы кезең ішінде 70 мыңға жуық сотталушыға рақымшылық жасалды, олардың арасында зейнеткер, жүкті әйелдер және көп балалы аналар болды. Алайда, елімізде бірде-бір рет жеке әйелдерге арналған рақымшылық жүргізілген жоқ.
Мәселен, көршілес елдерде әйелдерге рақымшылық жасау тәжірибесі бірнеше рет қолданылған. Атап айтсақ, Қырғызстанда екі рет – 1996 және 2015 жылдары өткізілді, ал Өзбекстанда 2013 жылы барлық дерлік әйелдер мен кәмелетке толмағандар босатылды. Тәжікстанда да 2021 жылы барлық сотталған әйелдер мен кәмелетке толмағандарға рақымшылық жасалды.
Қазақстанда да әйелдерге рақымшылық жасау жобасы бар, бірақ әзірге ол депутаттар тарапынан ұсынылмаған. Оның бастамашысы – заңгер Жайнагүл Төреқұл рақымшылықты өткізу бағдарламасын әзірлеп қана қоймай, әйелдердің жаза өтеу орындарында ұстаудың орынсыз жағдайлары туралы мәселе көтерді.
Ол түзету мекемелеріндегі әйелдердің жағдайымен жақсы таныс, себебі кезінде өзі де бас бостандығынан айырылған.
"Жеке тәжірибем бар, айыпталушы, сотталушы болдым. Мені тергеу изоляторында ұстады. Менімен бірге 70-ке жуық әйел болды, олардың арасында жаңа туған нәрестелері бар, көп балалы, жүкті және 60 жастан асқан әйелдер болды. Олардың еркектермен бірдей жаза өтейтіндерін көріп таңғалдым", – дейді заңгер.
Ол өзінің кәсібіне орай сотталған әйелдердің қылмыстық істерінің материалдарымен танысты. Арыздар, сұраулар мен өтініштер жазуға көмектесті.
"Жауаптарды, аудиттерді, үкім шығаруға негіз болған сараптамаларды көрдім. Олардың ішінде қаншама сот қателіктерін көрдім. Бұл фактіні Мемлекет басшысы да атап өткен, ол сот жүйесінде жүйелі бұзушылықтардың тым көп екенін айтты. Қасым-Жомарт Кемелұлының барлық нормативтік-құқықтық актілерге ревизия жариялағаны бекер емес.
Жайнагүл Төреқұл тергеу изоляторынан шыққан соң, Қазақстанда әйелдерге рақымшылық жасауды енгізу үшін күресуге бел буды.
Әйелдер рақымшылығының жобасы бойынша жұмысты бастамас бұрын Жайнагүл көптеген ұйымдарға: Президент Әкімшілігі, ІІМ, Бас прокуратура, адвокаттық қоғамдастық және Әділет министрлігіне жүгінді.
"Мен ҚР ҚК-нің 74 – жүкті әйелдердің немесе жас балалары бар әйелдердің жазасын кейінге қалдыру туралы, ҚР ҚК-нің 55 – ауырлығы аз және орташа қылмыстар үшін бас бостандығынан айыруға қарағанда неғұрлым жеңіл жаза тағайындау туралы баптары жұмыс істемейтінін атап өттім. Бірақ нәтиже шықпады. Сол кезде мен жоба әзірлеу қажет екенін түсіндім", – дейді Жайнагүл.
Сөйтіп, ол жоба үшін жүйелі түрде ақпарат жинай бастады. Заң ғылымдарының докторы, профессор Марат Қоғамовтан қолдау алды. Статистикалық мәліметтерді сұрауға досы және әріптесі адвокат Николай Харченко көмектесті.
"Талдау жүргізу үшін ресми статистика қажет. Оларды алғаннан кейін біз барлық болжамдардың сандармен расталғанына көз жеткіздік. Яғни, әйелдер түсініксіз себептермен жазаның барлық мерзімін өтеуге мәжбүр. Сонымен қатар, статистикаға сәйкес, шартты түрде мерзімінен бұрын босатуға немесе жазаны ауыстыруға шыққан әйелдердің саны әлдеқайда азайған. Мысалы, 2015 жылы – 518, ал 2022 жылы барлығы 180 әйел шартты түрде мерзімінен бұрын босатылған. Сондай-ақ 2015 жылы – 282, ал 2022 жылы – тек 146 әйелдің жазасы жеңілдетілген.
Заңгерлер "Әйелдер мен кәмелетке толмағандарға рақымшылық жасау туралы" жобаны толық жазып шықты. Түрлі инстанцияларға хат жазып, құқық қорғаушылармен, депутаттармен және журналистермен кездесті. Олар екі жыл бойы аталған жобаның қабылдануына қол жеткізуге тырысуда.
Жайнагүлдің жобасы жалпы мемлекет үшін де, сотталған әйелдер үшін де өте өзекті әрі маңызды. Егер әйелдерге рақымшылық жасау жобасы жүзеге асырылса, елде қыруар қаражат үнемделеді.
"Әрине, рақымшылық бәріне бірдей қолжетімді емес, тек зорлық-зомбылықсыз қылмыс жасағандарға. Кәмелетке толмағандарға қарсы қылмыстары үшін сотталғандар, сондай-ақ адам өліміне әкеп соққан немесе аса ауыр қылмыс жасаумен ұштасқан террористік немесе экстремистік қылмысы үшін сотталғандар рақымшылыққа ілінбейді", – деп атап өтті адвокат Николай Харченко.
Аталған жобада әйелдер рақымшылығынан бөлек, әйелдерді жаза өтеу орындарында ұстаудың орынсыз жағдайлары да қозғалады.
"Әлемдік стандарттарға жақындау туралы әңгіме айтпай, жүйені шынымен өзгерту керек. Бұл бір реттік шаралар емес, жүйелі тәсіл болуы қажет. Мекемелердің кадрлық құрамын жаңарту, ҚАЖК қызметкерлеріне еңбекақы мен әлеуметтік қамсыздандыруды едәуір ұлғайту қажет.
Бас бостандығынан айыру орындарында қоғамдық бақылау тетіктерін енгізу, Арнайы прокурорлар қызметінің мәртебесі мен өкілеттігін арттыру керек. Білуімше, 2023 жылы ҚАЖК жүйесінде азаптау бойынша бір ғана қылмыстық іс сотқа дейінгі тергеуге жеткізілді. Пенитенциарлық жүйені реформалаудың алғашқы қадамы – бұл әйелдерге рақымшылық жасау", – дейді адвокат.
Заң ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстанның құрметті заңгері Марат Қоғамов та бұл пікірді қолдайды. 2019 жылдың маусым айында "Казахстанская правда" газетінде оның "Қылмыстық құқықтағы әйелдер нормалары туралы" мақаласы жарияланды.
"Әйелдер мен ерлер арасында үлкен айырмашылық бары сөзсіз. Алайда, бұл жағдай қоғам мен мемлекет тарапынан қылмыстық құқық салаларының нормаларында іс жүзінде ескерілмейді. Бұған ҚК, ҚІЖК және ҚАК кодекстеріне жүгіну арқылы көз жеткізу қиын емес. Онда қылмыстық құқық бұзушылық жасаған әйелдер немесе ер адамдарға құқық қолдану мәселелерінде түбегейлі айырмашылықтар жоқ.
Менің ойымша, қылмыстық заңда әйелдерге арналған қылмыстық жазалар жүйесін қайта қарау және қарастыру, олар үшін шетелдік тәжірибені ескере отырып, жазаның жаңа түрлерін енгізу, сондай-ақ оларға негізінен бас бостандығынан айыруға байланысты емес қылмыстық жазаларды қолдану қажет; қылмыстық процесте қылмыстық істерді тергеуде және сот талқылауында әйелдердің қатысуымен арнайы рәсім енгізу керек", – деп атап өтті заң ғылымдарының докторы.
Қазақстанның құрметті заңгері әйелдерге рақымшылық жасау мәселесіне қатысты пікірін білдірді.
"Тәуелсіздік жылдарында сотталған адамдардың барлық санаттары үшін тоғыз рақымшылық жасалды. Осы кезеңде де, өткен ғасырда да әйелдер рақымшылығы болған емес. Менің ойымша, оны өткізетін уақыт әлдеқашан жеткен. Бұл жаңа Қазақстан тарихындағы бірегей қадам болар еді.
Оның үстіне, қазақтардың ежелгі заңында әйел әрқашан құрметке ие болған. Түрмелерде екі мыңнан астам әйелдің азап шегіп жатқаны көшпелі өркениеттің еркектеріне ұят. Енді бұл мәселе Мемлекет басшысы мен заң шығарушылардың қолында. Олар дұрыс шешім қабылдайды деп ойлаймын", – дейді профессор Қоғамов.
Дегенмен, бұл пікірге қарсылар да бар. Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстандық халықаралық бюросының директоры Евгений Жовтис рақымшылық жасауда әйелдер мен еркектерді бөлудің қажеті жоқ деп есептейді.
"Мен әйелдерге рақымшылық жасау үшін арнайы жеке заң қабылдау қажеттілігін көрмеймін. Кеңес заманында да, содан кейін де рақымшылық тек адамгершілік әрекеті ретінде ғана емес, сонымен бірге түрмелердің толып кетуіне байланысты жүргізілді. Аз және орташа қылмыс жасағандар немесе мерзімнің бір бөлігін өтегендер бостандыққа шығарылды. Бізде қазір әйелдер ұсталатын түрмелерде немесе колонияларда адам көп емес, босатудың басқа да көптеген тетіктері бар.
Егер әйел мерзімінің бір бөлігін өтеген болса және оның кәмелетке толмаған балалары болса және т.б. жағдайда шартты түрде мерзімінен бұрын босатуды кеңінен қолдануға себеп болады. Немесе адам енді қоғамға қауіп төндірмесе, бас бостандығынан айырумен байланысты емес жазаның неғұрлым жеңіл түріне ауыстыру. Және бұл орайда еркек немесе әйел деп бөлу маңызды емес.
Адамды бас бостандығынан айыру орындарында ұстаудың ерекше қажеттілігі болмаған кезде балама жазаларды қолдану қажет. Мұнда қолдануға болатын көптеген басқа құралдар бар, сондықтан мен арнайы заңның қажеттілігін көрмеймін", – дейді Жовтис.
Ол қылмыстық-атқару жүйесін реформалау мәселесінде заңгерлермен келісетінін жеткізді. Ал әйелдер үшін қылмыстық сот төрелігінің арнайы тұжырымдамасын құрудың қажеті жоқ деп есептейді.
Жалпы, рақымшылық жасау діни тұрғыда да құпталатын мәселе. Дәстүрлі діни конфессиялардың кешірімділік пен мейірімділікті ерекше дәріптейтіні белгілі. Ал әйел адамдарға, оның ішінде, жас балалары бар, жүкті және егде жастағы әйелдерге барынша кешірммен қарау – адамгершіліктің белгісі.
Соңғы жылдары Қазақстанда Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша ішкі істер органдарын реформалау бойынша жүйелі жұмыс жүргізілуде. Оның ішінде, адам құқықтарын қамтамасыз етуге және құқық қорғау қызметін жетілдіруге ерекше көңіл бөлінуде. Қылмыстық-атқару жүйесін жетілдіру, сотталғандарды ұстау жағдайларын жақсарту және халықаралық стандарттарға сәйкес пенитенциарлық инфрақұрылымды жаңғыртуға басымдық беріледі.