Діндегі несиенің мәнін білесіз бе
Біздің заманымызда несие, ипотека алатындар, банкке өз пәтерін кепілдікке қоятындар, ломбардқа алтын бұйымдарын өткізетіндер, көлігін кепілдіккке беріп, бір-бірінен пайызға ақша алатындар қатары көп. Алайда несие алудың өзі құмар ойын секілді, қызығына бір кіріп алған адам қайта-қайта несие ала беретін оқиғалар да кездеседі.
Той жасауға алынған несиенің жыры тіптен бөлек.
Жалақысы 150 мың теңгенің айналасындағы жандар қымбат тон киіп, миллионнан аса тұратын айфон ұстап жүруі – дерт секілді.
Мамандардың пікірінше, несиеге тәуелді жандар жан-жағына материалдық құндылығы түгенделген адам болып көрінгісі келеді. Яғни өзінде жоқ болса да, несие алып, оны пайызымен банкке қайтарып жүру арқылы қымбат телефон ұстап, тіпті, қымбат көлік мінеді. Алайда мамандар несиеге құмар жандар қаржылай сауаттылығы төмен, кіріс-шығысты есептей алмайтын адамдар екеніне сенімді. Сондай-ақ несиеге сатып алынған зат қуаныш әкелмейді, керісінше, мазасыздық тудырады, жұмыстан айырылып қалудан қорқу сезіміне әкеледі.
Пайызға берілген қарыздың түбін қазсақ, ол қазақ даласында әуелден бар екенін көреміз.
"Ақшаны өсімге беру бұ күнде қазақ ішінде де жайылды. Қандай өсімнен де жиренбейді. Қазақ ішінде ақша қадірлі, аның үшін қазақтың бұ күнде керек нәрсесі көбеюлі: шай алу керек, шекер алу керек, мата алу керек, егін жыртатын аспаптар алу керек һәм подать (алым) төлеу керек. Сол себепті ақшаларын мұқтаж адамдарға өлшеусіз-өлшеусіз үлкен өсімге беріп қояды", - делінген 1912 жылы "Қазақстан" газетіне шыққан мақалада.
Қазақ даласында банктер пайда болғалы несие беру ісі де қолданысқа енді. Жылдан-жылға несиені алу оңайлатылғанымен, пайыз көбеймесе, азаймай тұр.
Бір баланың анасы Айжан Жандарқызының сөзінше, несиені ол басында кәсіп ашу үшін алған. Алайда кәсібі алға баспаған соң, кәсібін жауып, ендігі жерде тек несиені жабу үшін жұмыс істеп жүр.
"Несиенің тұңғиығына бір түскен адамның шығуы қиын. Басында алған қарызымды екі есе етіп қайтарып жатырмын. Осы несиеден құтылған соң, басқасын алмаймын деп өзіме уәде бердім, өйткені, несие – шынжыр секілді", - дейді Айжан.
Ал үш баланың әкесі Бақыт Жанатұлының пікірінше, несиенің оң пайдасы бар.
"Өзім жалақыға жұмыс істеймін, егер несие болмаса, үй салып, көлік ала алмас едім. Қазіргі таңда үйім, көлігім бар. Ел қатарлы бала-шаға бағып, өмір сүріп жатырмыз. Несиені айлықтан қиналмай төлеймін", - дейді Бақыт Жанатұлы.
Ал зейнеткер Жамал апа несиеқұмарлықтан арыла алмай жүргенін растады.
"Несиеге тауар алып, бір несиені алып, екіншісін жауып жүрген жандардың бірі – менмін. Зейнетақым бәріне жетсе де, несие алғым келіп тұрады", - дейді кейіпкеріміз.
Тұрақты жұмысы бар Мейрамгүл Еділбаеваның сөзінше, ол айдың соңында несие алуды әдетке айналдырған.
"Айдың соңында жүріс-тұрысқа ақша жетпей қалған соң несие алып, оны жалақымнан жауып тұрамын. Несиенің бір жақсысы – қиналған кезіңде көмек болады. Әркімнен сұрап жүрмейсің, банктен бес минут ішінде қаражат аласың. Қазірге дейін үйге қаншама заттар алдым, соның бәрі шыны керек, несиенің арқасы. Несиені төлей алатын адам алуы керек, төлей алмаса, жоламаған жөн", - деп жымияды ол.
Несиенің пайдасы да, зияны да бар. Пайдасы – мақсатыңа тез жететін болсаң, зияны – алған қаражаттың үстіне пайыз қосып қайтаратыныңда.
Қазақстан Республикасының президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың бұйрығымен 2019 жылдың 26 маусымында 3 миллион теңгеге дейін қарызы бар 500 мың адамның несиесі кешірілді. Азаматтардың қарызын кешіру үшін мемлекет қазынасынан 115 миллиард теңге бөлінді.
Бұл шараның нәтижесі қандай?
"Өкінішке қарай, 2019 жылы несие қарыз кешірілгеннен кейін біздің қаржы секторындағы несие көлемі, соның ішінде төленбеген проблемалық несие үлесі тағы да өсті. Сондықтан мемлекет есебінен қайта-қайта кешіре берсек, жаңа несие алатындар қатары одан сайын артады", - деді ҚНРДА басшысы Мәдина Әбілқасымова.
Жалпы дінде несиенің мәні қандай?
Ислам діні несиені құптамайды.
Банктен несие алу ислам дінінде харам болып есептеледі. Алдап-арбау, адамдарға келтірілетін шығынның алдын алу мақсатында мұсылмандарға несие алуға тыйым салынады.
Егер қайтару барысында қосымша пайыздар жүрсе, ол харам, риба. Егер адам ақшаны қарызға беріп, оның үстінен пайыз көретін болса, бұл өсімқорлық болып саналады.
Әбу Ханифа мазһабының өкілдері: "Алдын ала шарт қойылу нәтижесінде пайда келтіретін кез келген қарыз харам", деген.
Православиеде де пайызы өсетін ақшаға тыйым салынады.
Жалпы қай дінде болса да, ақшаға құмар адамдарды жоғары көтермейді деген түсінік бар. Алайда өз еңбегімен, адал жолмен жұмыс жасап, сауда-саттықпен айналысып байлыққа ұмтылған жандар керісінше зекет беріп, айналасына қайырымдылық жасайтын жанға айналады.
Мейіргүл Оңғарова