Қоғамда осал топтардың мүдделері қалай қорғалмақ
Дегенмен, елімізде инклюзивті ортаны дамытуға атсалысып жүрген азаматтар бар. Олар қалыптасқан жағдайды өзгерту үшін белсенді жұмыс атқарып келеді.
Қоғам белсенділері мен зерттеушілер, соның ішінде құқық қорғаушы Диана Өкремова, антрополог Алима Бисенова, АИТВ-мен өмір сүретін белсенді Амир Шайкежанов, қауымдастықтармен жұмыс жөніндегі маман Анель Молдахметова және басқалар мынаны есте сақтау маңызды деп санайды: кейбір адамдар үшін, мысалы, мемлекеттік қызметкерлерге маңызды емес болып көрінетін нәрсе халықтың осал топтары үшін өте маңызды болуы мүмкін.
Инклюзивті орта өкілдері күн сайын көптеген қиындықтарға тап болады. Мүмкіндігі шектеулі азаматтар қалада кедергісіз жүре алмайды. Мәселен, тар есіктерден мүгедектер арбасымен өту қиын, пандустар стандарттарға сәйкес келмейді.
Көру қабілеті бұзылған адамдарға дыбыстық маяктардың ақауы, аялдамалардың үнемі дауыстап айтылмауы және Брайль шрифтімен жазылған оқу құралдарының болмауы қауіп төндіреді.
Қала кеңістігі есту қабілеті бұзылған адамдар үшін бейімделмеген, визуалды сигналдар жоқ, мемлекеттік мекемелерде ғимарат төбелерінің жоғары орналасуы есту аппараттарының жұмысына теріс әсер етеді. Мұндай топтағы адамдар үшін электрлі самокаттар қаптап жүретін жаяу жүргіншілер жолымен жүрудің өзі қауіпті.
АИТВ мәртебесі бар адамдар көбіне тиісті медициналық көмек ала алмайды және аурудың таралу жолдарын дұрыс білмейтіндердің көп болуына байланысты қоғамда айыптауға ұшырайды.
Үйсіздер күйзеліс, белгісіздік, қоғамнан шеттету жағдайында өмір сүреді, сенімсіздіктен және өз құқықтарын қорғай алмауынан зардап шегеді.
Зорлық-зомбылық құрбандары жағымсыз жағдайда қалудан қорқып және қылмыскерлердің көбінесе жазаланбайтынын көріп, көмек сұраудан қорқады.
"Действие буквально" инклюзивті театр зертханасының режиссері және тәлімгері Катя Дзвониктің айтуынша, осал топтар сыртқы қоғаммен байланыста болмай, оқшауланып өмір сүреді. Ол аутизм мен даун синдромы бар адамдар қауымдастығының айналасындағы жағдайды мысалға келтірді:
"Мынадай жүйе бар: бұл санаттағы адамдар өмір бойы үйде ата-анасымен бірге отырады немесе ең жақсы жағдайда көбінесе "ересектерге арналған балабақша" секілді қорға барады. Әдетте мұндай ұйымдарда концерттер мен көрмелер өткізіледі, адамдар сурет салады, бірдеңе жасайды, бірақ, бұл шаралар әрдайым дерлік сол қордың ішінде ғана қалады", – дейді режиссер.
Мұндай оқшауланған қорлар сыртқы қалалық ортамен ғана емес, сонымен қатар, басқа осал топтардың ұйымдарымен де байланыспайды.
Қауымдастықтармен жұмыс жөніндегі маман Анель Молдахметова қазіргі урбанистиканың жай абаттандыруға қарағанда әлдеқайда кешенді салаға айналғанын айтады.
"Урбанистика қаланың контекстін ескеруі, инклюзивтілікті қамтамасыз етуі және әртүрлі қауымдастықтармен жұмыс жасап, стигмамен күресуі керек. Азаматтардың өздерін құрбан ретінде емес, жағдайға әсер ете алатын қалалық ортаның белсенді қатысушылары ретінде қабылдауы маңызды. Қазірдің өзінде қалалық тәжірибенің барлық аспектілеріне инклюзивті тәсіл енуі керек және біз оны жүзеге асыру үшін әртүрлі қауымдастықтармен белсенді жұмыс істеуіміз керек", – дейді ол.