Әртүрлі діндердің ажырасу рәсімдері қандай
Мұсылмандар шариғат бойынша неке қияды, христиандар шіркеуде некелеседі, иудаизмде "хупа" және "кидушин" рәсімдері бар, буддизмде күйеу жігіт пен қалыңдық ғибадатханада монахтардан бата алады. Ал ерлі-зайыптылар ажырасуға шешім қабылдағанда ше? Әртүрлі діндерде бұл рәсім қалай жүзеге асырылады?
Ислам бойынша ажырасу
Алла Елшісі (С.Ғ.С) хадисінде: "Алла адал еткен істің ішіндегі ең ұнамсызы – ажырасу", – деген (имам Насаи).
Келесі бір хадисінде: "Қандай да бір әйел ешқандай себепсіз еріне өзін талақ етуді сұрайтын болса, онда оған жәннаттың иісі харам болады", – деп қатаң ескерткен (имам Әбу Дәуіт). Осы мәселеге қатысты ханафи мәзһабының көрнекті ғалымы ибн Абидин: "Ажырасу (Талақ) негізінен – харам іс. Бірақ оны мүбах ететін жағдайлар мен шарттар туындайтын болса ғана адал бола алады. Сол себепті некелік нығметтен орынсыз бас тартудың еш негізі жоқ. Жайдан-жай ажырасу – парасатты адамның ісі емес әрі ол Алла Тағаланың берген ырыс-несібесін аяқ асты ету. Сондай-ақ ажырасуы отбасы мен бала-шағасына азап шектіруден басқа еш нәрсе емес", – деген.
Әркімнің жеке тағдыры бар, проблемалары әртүрлі. Дегенмен қазіргі қоғамда ажырасудың мынадай себептері мыналар:
• Тұрмыстық зомбылық;
• Ер не әйелдің ішімдікке салынуы;
• Ер не әйелдің есірткіге салынуы;
• Күйеуі не әйелі жұмыссыз;
• Жұбайлардың өмірге деген көзқарастары сәйкес келмеуі;
• Күйеуі не әйелі некеге дейін бірін-бірі ұнатпаған, некеден кейін де ұната алмаған;
• Көзге шөп салу;
• Материалдық қиындықтар;
• Ерлердің әйелге тиісті ақысын бермеуі;
• Бедеулік.
Бұл аталғандар ажырасудың негізгі себептері. Сонымен қатар, біздің ортада ажырасудың себептерін ата-енемен тұру мен күйеу жақтың туған-туысқандары арасындағы қарым-қатынастар шиеленісімен т.б. мәселелермен байланыстыруға да болады.
Православиедегі ажырасу
"Некенің жойылуы" туралы сұраққа қатысты алматылық протоиерей Евгений Иванов былай дейді:
"Некені жою" термині қате. Мұндай рәсім немесе шіркеу жорасы жоқ. Ерлі-зайыптылар бірге болғысы келмесе және ауыр себептермен ажырасса, отбасылық өмірді тоқтату фактісі бойынша шіркеу некесі жойылады. Бұл ерлі-зайыптылар үшін қасірет және рухани жарақат. Сондықтан, үйлену тойына дейін және отбасылық өмір кезінде жіберілген қателіктеріңізді мұқият және бейтарап түрде саралауға, ғибадатханаға баруға кеңес беремін".
Христиандықтың басқа бағыттарындағы ажырасу
Басқа христиандық конфессиялардан айырмашылығы – Рим-католик шіркеуінде неке тек қасиетті рәсім ғана емес, сонымен бірге қатаң заңды процедура болып табылады. Сондықтан католик шіркеуі ажырасуды "некені бұзу" мағынасында мойындамайды. Дәстүр бойынша, католик үшін қайта некеге тұру ерлі-зайыптылардың бірі қайтыс болған жағдайда ғана мүмкін болды, бұл "өле-өлгенше" адалдық уәдесіне сәйкес. Алайда, бір немесе екі тараптың өтініші бойынша неке "жарамсыз" деп танылуы мүмкін.
Протестантизмде адамдарға ажырасуға рұқсат етіледі. Бұл үшін протестантизмнің шіркеулік канондық нормаларына сәйкес, кейіннен Еуропа елдерінің зайырлы заңнамасына сәйкес, әйелі жасаған зинақорлықтан басқа, күйеуінің зинақорлығы, жұбайына ауыр қорлық немесе зорлық-зомбылық көрсету, отбасын дәлелді себептерсіз қалдыру да негіз болды. Бүгінде халық протестантизмді ұстанатын көптеген елдерде діни ажырасуға тараптардың келісімі бойынша рұқсат етіледі.
Иудаизмдегі ажырасу
Иудаизмде ажырасуға жол беріледі, бірақ ынталандырылмайды. Дәстүр бойынша, ажырасуға күйеуі ғана бастамашы болуға құқылы. Ал күйеуі ажырасуға келісім бермеген әйелдің жағдайы өте қиын: ол тірі тұрғанша, басқа біреуге күйеуге тие алмайды.
Алайда, бүгінде еврей қауымдастықтарының көпшілігінде ажырасу құқығы әйелге де берілген. Үйлену кезінде күйеу жігіт пен қалыңдық көбінесе неке шартына қол қоятындықтан, ажырасу үшін де еврей заңнамасына сәйкес жасалған заңды құжат қажет.
Индуизмдегі ажырасу
Индуизм некені қасиетті рәсім және бірнеше құдайдың қатысуымен өмір бойына берілген уәде деп санайды. Сондықтан көп жағдайда ерлі-зайыптылар ажыраса бермейді. Үндістанда ажырасу деңгейі төмен болғаны соншалық, азаматтардың көбісі әлі күнге дейін елде некені бұзуға тыйым салынған деп санайды.
Ажырасу үшін отбасының әрбір мүшесі некенің расында сәтсіз болғанына сенімді болуы керек. Негізінен ажырасулар әйелі өз отбасымен моральдық жағынан қорғалған және күйеуіне материалдық жағынан тәуелді емес отбасыларда болады. Үндістандағы 1955 жылғы үнділік неке туралы заң белгілі бір жағдайларда, соның ішінде, опасыздық, қатыгездік және серіктестер арасындағы қарым-қатынастың болмауына байланысты ажырасуға рұқсат береді.
Буддизмдегі ажырасу
Буддизм өкілдері некені діни рәсім ретінде емес, дүниелік, зайырлы іс ретінде қарастырады. Сондықтан олар әдетте өздері тұратын мемлекеттің билігі қабылдаған Неке және отбасы туралы заңдарын сақтайды.