Қазақстанда жүкті әйелдер мен балаларға арналған аурухана төсектері жетіспейді
Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы соңғы бес жылда елімізде 400-ден астам нысан салынғанын, сондай-ақ, 4 мыңнан астам денсаулық сақтау ғимараты жөнделгенін атап өтті.
Сонымен қатар, 261 млрд теңгеге медициналық құрал-жабдықтар сатып алынды, соған қарамастан жабдықтардың тозу мәселелері өзекті болып қала беруде.
"Медициналық ұйымдардың ересектерге арналған 102 мың төсек қорының 11 мың кереуетті ұтымсыз пайдаланғаны белгілі болды. Сондай-ақ, төсектермен қамтамасыз ету көрсеткішінің теңгерімсіздігі бар. Алты өңірде педиатриялық төсектер шамадан тыс жүктемемен жұмыс істеуде", - деп атап өтті Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова.
Осыған байланысты Министрлік өңірлер бөлінісінде 10 мың адамға арналған төсектердің жоспарлы-нормативтік санын одан әрі есептей отырып, халықтың стационарлық медициналық көмек көлеміне қажеттілігінің жасына байланысты нормативтерін қалыптастырды.
"Балалар бейіні бойынша тапшылық 1200 кереуетті құрады. Сонымен қатар, елде жүкті әйелдер мен босанатын әйелдерге арналған төсек жеткіліксіз, ағымдағы жылдың басында 2 мыңнан астам төсек тапшылығы болды", - деді Ақмарал Әлназарова.
Ол үшін қажетті нормативтік құқықтық актілер қабылданады.
"Тұжырымдаманы іске асырудың бірінші кезеңі денсаулық сақтаудың неғұрлым түйінді, жүйе құраушы объектілерін жобалауды аяқтауды және салуды бастауды қамтиды. Бұл 11 440 төсектік 34 якорь жобасы. Сондай-ақ, өңірлер заманауи көпсалалы мекемелермен қамтамасыз етіледі: алты университеттік клиника, 14 аурухана, 11 перинаталдық және үш ұлттық орталық. Денсаулық сақтаудың басқа да объектілерін күрделі жөндеу және жарақтандыру жөніндегі жұмыс жалғастырылатын болады", - деп толықтырды ол.
Жаңа тұжырымдама шеңберінде 200 төсектік балалар онкологиясы және гематология орталығының, 200 төсектік балалар хирургиясы орталығының, Астанадағы Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының жанындағы 200 төсектік балалар корпусының құрылысы арқылы мамандандырылған және шұғыл балалар төсектерінің тапшылығын жабу бойынша шаралар пысықталатын болады.
Министр тұжырымдаманы іске асыру қорытындылары бойынша денсаулық сақтау инфрақұрылымы объектілерінің тозу дәрежесі 30% - ға дейін, үлгілік емес бейімделген объектілердің үлесі 25% - ға дейін төмендейді, Денсаулық сақтау инфрақұрылымы объектілерінің жарақтандырылуы кемінде 88% - ға дейін ұлғаяды деп есептейді.
Бұған дейін Денсаулық сақтау министрлігінің басшысы Ақмарал Әлназарова Қарағанды облысында бала көкжөтелден қайтыс болғанын хабарлады.