Алматы әкімі Дүниежүзілік қолөнер кеңесінің президенті Саад Хани Аль-Каддуми мырзамен кездесті
Қала басшысы Алматының Қазақстанның мәдени, ғылыми-білім беру және іскерлік орталығы, шеберлер мен суретшілер үшін тартымды орталық екенін атап өтті.
Қалада зергерлік бұйымдар жасау, кілем тоқу, қыш жасау, былғары өңдеу және ағаш оюмен айналысатын 250-ден астам он саусағынан өнер тамған қолөнерші тұрады. Алматылық шеберлердің бұйымдары ЭКСПО және Дүниежүзілік қолөнер кеңесі сияқты айтулы іс-шараларда көрсетіліп, бірегейлігі мен шеберлігі үшін марапаттарға ие болып жүр. Фестивальдер мен жәрмеңкелерде шеберлер туындыларын көрсетіп, қызығушылық танытқандарға шеберлік дәрістерін өткізеді. Бұл іс-шаралар дәстүрлі қазақ қолөнерін сақтау, оны насихаттау және заманауи мәдениетке бірігуде маңызды рөл атқарады.
Кездесу барысында тараптар қолөнерді дамытудың туристік және экономикалық қырларын, жұмыс орындарын құру және экономикалық өсімді ынталандыру үшін оны дамытудың қажеттілігін талқылап, Алматыға "Дүниежүзілік қолөнер қаласы" (World Craft City) атағын беру мүмкіндігін қарастырды.
Анықтама үшін: Дүниежүзілік қолөнер кеңесі AISBL (1964 жылы 12 маусымда Нью-Йоркте құрылған) – жаһандық қолөнер өнерін және дәстүрлі қолөнерді сақтауға, насихаттауға және дамытуға ықпал ететін халықаралық коммерциялық емес ұйым. Кеңес ЮНЕСКО жанындағы кеңесші орган мәртебесіне ие. Ұйымның 2021-2024 жылдардағы штаб-пәтері Кувейтте орналасқан. Дүниежүзілік қолөнер қалаларының тізіміне Африка, Азия-Тынық мұхиты аймағы, Еуропа, Солтүстік және Латын Америкасының 57 қаласы енген, соның ішінде 2022 жылдан бастап Қазақстандағы қалалардың арасынан алғаш рет Тараз "Дүниежүзілік қолөнер қаласы" мәртебесін алды.