Өзбек ғалымдары қауынды қайта өңдеуді қолға алды
Шекерден өзге бал мен май, мал азығы, тіпті балыққа беретін ұсақ жем де жасалады екен. Мұның барлығы дәстүрлі қауын фестивалінде таныстырылды.
Ежелгі Хиуа қаласына келушілер үш күн бойы қауынның тәтті иісімен тыныстады. Ичан Қала мемлекеттік мұражай қорығындағы 4 гектар аумақта 60 павильон орнатылып, қауынның 125 түрі қойылған. Бұл дақылдың "Кәріқыз", "Түйе қауын" мен "Гурвак" сорттары аса танымал, деп жазады qazaqstan.tv.
Қауынның отаны Хорезм өңірі мен оған іргелес Қарақалпақстанның диқандары бұл жерге өздері өсіріп баптаған балдай қауындарын алып келген. Фестиваль қонақтары тәтті дақылдан дәм татып қана қоймай, одан жасалатын түрлі өнімді де тамашалады. Үргеніш университетінің ғалымдары қауынды қайта өңдеуді қолға алған.
"Қауынның тұқымынан май алуды жолға қойдық, бұл өнім косметикалық заттар жасауға және парфюмерия саласында қолданылады. Бұдан бөлек қауын майы Омега 3 секілді адам ағзасына аса қажетті дәрумендерге, минералды заттарға бай." Мақсұт Жұманиязов, Үргеніш мемлекеттік университетінің профессоры
Ерекше фестиваль биыл екінші жыл өткізіліп отыр. Келушілер саны бұл жолы айтарлықтай артқан. Хорезм аймағындағы қауын мерекесін үш күн ішінде 30 мыңнан астам шетелдік саяхатшы тамашалады. Фестиваль аясында қолөнер шеберлерінің көрмесі ұйымдастырылып, фольклорлық ұжымдар өнер көрсетті.