Қазақстанда дрондар зертханасы құрылуы мүмкін
ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігінің мәліметінше, іс-шараға университет басшылығы, сондай-ақ Ғылым департаменті, Халықаралық ынтымақтастық департаменті мен Математика, физика және информатика факультетінің өкілдері қатысты.
Кездесу барысында дрон-технологиялар саласындағы инновациялық жобаларды дамытуға бағытталған тәжірибе мен идеялармен алмасу үшін бірегей платформа құру жоспары егжей-тегжейлі талқыланды.
Сурет: ҚР Ғылым және жоғары білім министрлігі
Еліміздің жетекші педагогикалық университеті базасында дрондар зертханасын құруға, сондай-ақ Tianjin UMS Smart Technology Co Ltd мен Абай университеті арасындағы ынтымақтастықты одан әрі жалғастыруға және бірлескен ғылыми-зерттеу жобаларын іске асыруға ерекше назар аударылды.
"Біздің компания – кішігірім лаборатория іспеттес. Қазіргі уақытта мен дрон және роботтарды құрастырып, олардың құрылымын дамытудамын. Біздің дрондар жасанды интеллектті енгізуге, сондай-ақ ойынға негізделген оқыту әдістерін жасауға болатын дрондарды әзірлеу үшін қолданылады. Бүгінгі таңда студенттерге компьютерлік технологиядан сабақ беремін, олардың осы салаға белсене араласуына жағдай жасап жатырмын", — деді Тяньцзинь университетінің профессоры Own Chung-Ming.
Екі ел арасындағы кездесу екі ұйымның ғылыми әлеуетін нығайтуға ықпал ете отырып, озық технологиялардың дамуын жеделдететін және студенттер мен зерттеушілер үшін жаңа мүмкіндіктерге жол ашатын ынтымақтастыққа берік негіз болды.