Мұрат Жұрынов: Қазіргі ең басты міндет – еліміздің мықты өнеркәсіптік негізін қалыптастыру
Жолдауда айтылған негізгі мәселелер және олардың орындалу барысы, экономиканы әртараптандыру, отандық ғылымның бүгінгі жәй-күйі, ғылымды дамыту, жалпы Мемлекет басшысының бастамалары мен стратегиялық жоспарларының жүзеге асырылуы жөнінде химия ғылымдарының докторы, профессор, ҚРҰҒА академигі, "Д.В.Сокольский атындағы жанармай, катализ және электрохимия институтының" бас директоры Мұрат Жұрыновпен сұхбаттасқан едік.
– Мұрат аға, әңгімені ел экономикасын әртараптандырудан бастасақ. Өндіріс саласын жаңартуда неге басымдық берген жөн?
Қазақстан орташа дамыған елдер қатарында. Кеңес Үкіметі кезінде Қазақстан жалпы өнімнің едәуір көлемін беріп отырды. Сол кезде көптеген зауыттар ашылып, металлургия, мұнай өңдеу, химия өндірістері, сондай-ақ ауыл шаруашылығы қарқынды дамыды.
Қазіргі таңда сол зауыттар мен өндірістерді қайта жаңартып, ғылыми сараптаудан өткізіп, ескірген құрал-жабдықтарды жаңартып, жөнге келтірсе, олар бұрынғыдай үлкен экономикалық тиімділік әкелуі мүмкін. Қазақстанның экономикасының үштен екісі химия өндірісі, мұнай-газ және металлургия зауыттарына тәуелді. Сондықтан ғылымды қаржыландыру кезінде осы салаларға басымдық беру қажет.
Бұл салаларды жаңғыртқан жағдайда, экономикалық тиімділік екі-үш есеге дейін артуы мүмкін. Мысалы, Балқаштағы бұрынғы Балқаш тау-металлургия комбинаты (БГМК) Кеңес Үкіметіне белгілі ірі зауыттардың бірі болған. Мен ол зауытта ғылыми зерттеулер жүргізіп, жұмыс істедім, сондықтан оның технологиясын жақсы білемін. Онда катодтық мыстан басқа, электролиз кезінде алтын, күміс, және сирек кездесетін металдар тұнбаға түсетін. Кеңес Үкіметі кезінде бұл тұнбалар Оралдағы Пышма қаласына жіберіліп, алтын, күміс және сирек металдар алынып отырды. Қазіргі таңда ол тұнбалар қайда жіберілетіні маған белгісіз, бірақ естуімше, Астана қаласының қасындағы Степногорск қаласында өңделетін сияқты.Бұл ақпараттың кейбірі жабық болуы мүмкін, себебі сирек металдар стратегиялық маңызы бар өнімдер қатарына жатады.
– Металлургия саласындағы міндеттер қандай?
Металлургия саласындағы басты міндет — жаңа кен орындарын табу. Мыс, алюминий, сирек металдар, қорғасын, мырыш, титан, магний секілді металдарды өндіруге арналған жерасты байлықтарын зерттеп, олардың қорын кеңейту қажет. Бұрын анықталған қорлар таусылуға жақын. Кеңес Үкіметі кезінде дамыған елдер сияқты, АҚШ пен Жапония секілді, жерасты байлықтарын зерттеп, олардың қорын 10-15 жылдық жаңа қормен толықтыру міндеті қойылатын. Зауыттардың үздіксіз жұмыс істеуі үшін, геологиялық қазба жұмыстарын жүргізіп, олардың запас қорларын 10-15 жыл алға жоспарлап анықтау қажет. Қазіргі бұл мәселе Үкімет бақылауына алынды.
– Қазақстанның мұнай саласындағы жаңалықтармен бөліссеңіз?
Қазіргі таңда Қазақстанның мұнай саласы жаңа деңгейге көтерілуде. Қызылорда облысында сапалы сланстық мұнайдың жаңа ірі қоры табылды. Бұл бұрыннан өндіріліп жатқан жоғары сапалы Қызылорда мұнайына қосылып, елдің байлығын одан әрі арттыруға ықпал етеді. Сонымен қатар, бұрын пайдасыз жанып, атмосфераға кетіп жатқан газдар да тиімді пайдаланылып жатыр. Қазіргі таңда Атырауда үлкен газохимия зауыты салынды. Бұл зауытта полимерлік өнімдер, соның ішінде полиэтилен, полипропилен шығарылады. Болашақта бутадиенді синтезге қосу арқылы да полимерлік заттар өндіру жоспарда бар.Бұл зауытта шығарылатын өнімдер әртүрлі тұрмыстық және өндірістік заттар – құрылыс, коммуникация құралдарын жасауға пайдаланылады. Тіпті, автомобиль өндірісі дамыса, кейбір бөлшектерді осы полимерлік заттардан жасап, темір мен болаттың орнын басып, оларды үнемдеуге болады, бұл үлкен экономикалық тиімділік береді.
– Ғылымды дамыту үшін не қажет?
Ғылымды дамыту үшін ғылыми-зерттеу институттарын қайта құрылымдау керек. Кеңес Үкіметі кезінде Қазақстанда 45 қана академиялық ғылыми-зерттеу институттары болған. Олар Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ, Қ.Сәтбаев атындағы ҚазҰТЗУ, Қарағандының политехникалық институты, Шымкенттегі Қазақ химия-технологиялық институты сияқты іргелі университеттермен, ірі-ірі зерттеу базаларымен тығыз байланыста жұмыс істеп, көптеген зауыттардың технологиясына жаңалықтар енгізді.
Ғылыми-зерттеу институттарын кем дегенде үш категорияға бөлу қажет. Өйткені, қазір бір конкурс ашылғанда, оған жүздеген институт қатысады, бірақ олардың ішінде нақты нәтиже беретіндері аз. Бірінші категориядағы институттарға тұрақты қаржыландыруды қамтамасыз ету керек. Тұрақты қаржыландыру арқылы ірі ғалымдар шоғырланып, ғылымның сапасы арта түседі. Қазіргі гранттық конкурс ҰҒК (ННС) системасын жас ғалымдарға, жеке бір өзі жасайтын ғалымдарға қалдырып, үлкен ҒЗИ немесе ірі лабораторияларды ННС-тің "карта ойындары" сияқты кездейсоқ қате шешімдерінен құтқару керек.
Ол жерде үлкен заманауи қондырғылар мен ең жоғары дәрежедегі шетелдік электронды құрал-жабдықтар пайда болады. Мұндай орындарды ойынға айналдырмау керек. Биыл қаржыландыру бар да, келесі жылы тоқтап қалса, бұл ғылымның дамуына кері әсер етеді. Себебі, сарапшылар барлық түскен жұмыстарды әділ сараптауға шамалары жетпейді және берген уақытында үлгермейді. Өйткені, олардың саны 15-20 ғана, ал, конкурсқа түсетін жұмыстардың саласы жүзден асады. Мұндай жағдайда әділ сараптама болуы мүмкін емес. Сондықтан сараптаманы тәжірибелі ғалымдар, академиктер, университет профессорлары жасауы керек.
Бұрын сараптаманы ғылым академиясы жүргізетін. 2022 жылдың бірінші маусымында Академияның мерейтойлық жиналысында Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев Академияға мемлекеттік статус беріп, сараптама жұмыстарын жүргізу керектігін айтты. Бірақ, сол уақыттан бері бұл тапсырма орындалған жоқ. Осы себептен көптеген жанжалдар туындап жатады. Біреуі "әділдік жоқ" дейді, біреуі "әділдік бар" дейді. Мұндай жағдайлардан құтылу үшін, институттарды категорияларға бөліп, негізгі бағыттар бойынша басымдыққа ие институттарға тиісті зерттеу салаларын беру керек. Сонымен қатар, олардың қасында үлкен сараптама орталықтары болуы қажет. Ол орталықтарда тек сол институттың ғалымдары ғана емес, жоғары оқу орындарының мамандары және зауыттардың инженерлі-техникалық кадрлары да жұмыс істеуі керек. Сонда ғана әділдік қамтамасыз етіледі, себебі сараптаманы кәсіби мамандар жасайды.
– Ғылыми зерттеу жұмыстарындағы мәселелер туралы не айтасыз?
Қазіргі кезде көптеген ғылыми зерттеу жұмыстары қордаланып қалды, бұл рас. Неліктен олар өндіріске енбей жатыр? Оның негізгі себебі – ғылыми зерттеу лабораториялары мен ірі зауыттардың цехтарының арасындағы байланыстың үзіліп қалуы. Кеңес Үкіметі кезінде ірі зауыттардың құрамында эксперименталды цехтар болатын. Ғалымдар өздерінің лабораторияда жасаған ұсыныстарын сол цехтарда сынақтан өткізіп, кейінірек өндірісте енгізетін. Қазір ондай цехтар жоқ, барлығы жекешелендіріліп, сатылып кеткен. Бұл мәселе шешілмесе, ғылыми жетістіктердің өндіріске енуі неғайбыл.
Мысалы, Катализ институтында біз жасаған жаңа катализаторлар бар. Олар Америка мен Ресейдің катализаторларынан әлдеқайда тиімді. Қытай осыдан бірнеше жыл бұрын біздің катализаторды, үш елдің қатализаторларының арасынан таңдап, сатып алды. Бұл біздің катализаторлардың жоғары үнемділігін көрсетеді. Бірақ біз бұл катализаторларды Қытай мен Францияның Лион қаласында сынақтан өткіздік, себебі бізде сынақ жасайтын цехтар жоқ.
Қазақстанда үш мұнай өңдеу зауыты бар, онда жылына 20 миллион тоннаға дейін мұнай өңделеді. Неге бізде сынақ цехтары болмауы керек? Бұл қажет нәрсе. Жақында мемлекеттік тапсырыс аясында біздің институтымызда жаңа лабораториялар ашылуы тиіс. Бұл зертханалар Еуропалық үлкен JET1, JET2 ұшақтарына қажетті жанармай, керосиннің сапасын тексеріп, оның жарамдылығын анықтайтын зерттеулер жүргізетін болады.
Ондай лабораториялар ашылмаса, Еуропаның ұшақтарына Алматыға, Астанаға, Қазақстанның аэропорттарына тоқтап, жанармай құйып ала алмайды. Мысалға, Еуропадан Үндістанға немесе Австралияға ұшып жатқан самолеттер Қазақстанда тоқтап, жанармай құйып, ары қарай ұшулары қажет. Егер бізде сараптамадан өткен жанармай болмаса, олар ары қарай ұша алмайды және бізден жанармай ала алмайды. Нәтижесінде, олардың транзиттік жолы Қазақстан арқылы өтпей, Ташкентке немесе басқа бір орталыққа кетіп қалуы мүмкін. Ал, бұл біздің экономикалық пайдамыз үшін тиімді емес пе? Бірақ, осы мәселе әлі шешілмей жатыр.
– Нақты қандай ұсынысыңыз бар?
Біз көптен бері катализатор шығаратын зауыт Премьер-министрдің қарауында болғанымен немесеірі цех салу керек дегенді айтып келеміз. Бір кездері "Қазмұнайгаз" оны қолдаған еді, бірақ кейінірек бұл жоба іске аспай қалды. Мұндай мәселелер елімізде көп.
– Ал, ауыл шаруашылығының дамуына қатысты қандай мәселелерді атап өтесіз?
Ауыл шаруашылығына келер болсақ, ең бірінші кезекте біздің ерте егіліп, ерте пісетін бидай сорттарын дамыту қажет. Өйткені, көптеген гектарлардағы бидай қар астында, суықта қалып, уақытылы пісіп, орып алу мүмкіндігі болмайды. Бұл мәселені ғалымдар шешуге қабілетті.
Ауыл шаруашылығындағы екінші мәселе – мал өсіру. Мал шаруашылығы – ең тиімді кәсіп. Мысалға, егер биыл 10 қойыңыз болса, келесі жылы 20 болады, одан кейін 40, 80, 160-қа дейін өседі. Нәтижесінде, 5 жыл ішінде 10 қой 320 қойға айналуы мүмкін. Бұл геометриялық прогрессиямен өседі. Мінекей, біздің иелігімізде мыңдаған гектар бос жатқан жерлер бар. Мал шаруашылығын осындай түрде дамыту керек.
Киік шаруашылығы да назар аударуды қажет етеді. Киік – бұл өте төзімді,киелі жануар. Табиғаттың әртүрлі өзгерістеріне қарсы тұра алады. Оларға кемінде 5 жыл уақыт берілсе, олардың саны мыңдаған, тіпті миллиондағанға дейін көбейе алады. Олар суыққа да, шөлге де төзімді, шөл даланың нағыз иесі. Неге біз осы ресурсты тиімді пайдаланбаймыз? "Киіктер егісті жеп қояды" деген пікір бар. Оны қоршап қойсын немесе сан алуан техниканы пайдалансын.
Қазіргі таңда бізде электронды мәлімет беретін түрлі машиналар мен ұшақтар бар. Оларды пайдаланып, жерімізді бақылап отыру керек. Бұл мәселеде техникалық мүмкіндігіміз жеткілікті. Сондықтан, біз ұланғайыр жерімізді осылай тиімді пайдалануды қолға алуымыз қажет.
– Сіз шетелде болған тәжірибеңізді атап өттіңіз. Ол тәжірибе Қазақстанға қалай көмектесуі мүмкін?
Мен ФРГ-да болғанымда, бақташы мен қойшы дегендердің мүлдем жоқ екеніне көзім жетті. Онда малдарды қоршап қояды, ал сиырлар сол қоршаудың ішіндегі шөптерді жейді. Мысалы, 1 гектарға 10 сиыр орналастырады. Судың мәселесі де автоматтандырылған: сиыр су ішетін жерге келгенде, автоматты түрде су ағып, олар өздері ішіп алады. Яғни, бақташының қажеттілігі жоқ. Бірақ, бұл үшін барымташыларды тоқтатып, ұрлықты жою қажет. Өйткені, малды ұрлап кетеді. Шаруалар жылдар бойы асырап өсірген малдарынан бір сәтте айырылып, сан соғып қалады.
Сырдарияның бойында бұрын бірнеше ауданның малы жайылып жататын: Сарыағаш, Арыс, Кеңес, Түркістан, Жаңақорған. Ешкім малға қарамайды, малдар өздігінен өсіп, көбейетін. Қазір де сол табиғи жағдай сақталып тұр. Сырдарияның екі жағында ну ормандар мен тоғайлар бар, бірақ мал жоқ. Адамдар барымташылардан қорқып, малдарын сатып жібереді немесе сойып алады. Барымташылар малды ашық күнде машинаның нөмірін жауып қойып басып алып кетеді. Ал, қойшылар жыл бойы табан тозып баққан малынан қасқағым сәтте айрылып, қол қусырып қалса, кімнің мал баққысы келеді? Сондықтан, олар мал бақпайды, өйткені бұл өте қауіпті, тіпті өлтіріп кетулері де мүмкін.
Міне, осындай келеңсіз жағдайларды жою керек. Түркістанда университет ректоры болғанымда, марқұм әкім Бердібек Сапарбаевқа "біздің студенттерден аңшылар тобын құрып, оларға ресми түрде құжат беріп, қаруландырайық. Солар демалыс кезінде малды қарап, қорғап жүрсін" деген ұсыныс білдірдім. Басқа уақытта басқа адамдар да қосылып, қорғауы керек. Ұрыларды машиналармен кіргізбеу қажет, олардың бәрі белгілі адамдар. Полиция оларды біледі. Осындай қордаланып қалған мәселелер шешіліп, оған бұқара халық сенген кезде ғана мал көбейеді.
– Сонымен Қазақстанның өндірістік әлеуетін арттыру үшін нақты қандай шаралар қабылдау керек?
Зауыттарға тоқталатын болсақ, Балқаштағы мыстың сапасы өте жоғары. Мен сол зауытта ғылыми зерттеулер жүргізгенмін. Балқаштан шығатын мысты Лондондағы эталондық көрмеге қоюға жіберетін, себебі оның 5 тоғыздық тазалығы бар, яғни 99,99% таза мыс. Мұндай жоғары сапалы мыс электрондық приборларға қажет, тіпті жіңішке сымдар жасау үшін. Оның бағасы кәдімгі кабель бағасынан 10, 50 есе көп болуы мүмкін.
Сондықтан, Балқаштан шығатын мысты жоғары сапалы өнімдермен байланыстыру керек. Мұндай зауыттың айналасында ондаған шағын зауыттар болуы тиіс. Балқаш зауытынан шығатын металдың бір кішкентай бөлігін соларға бөліп берсе, олар әртүрлі жоғары құнды заттар шығара алады. Ал, біз мысты метал күйінде сатпай, оның орнына кабель шығарсақ, оның бағасы 2-3 есе артады. Бұл бізге үлкен пайда емес пе?
Сонда Балқаштағы мыстың зауыты бізге ондағы 10 зауыттың пайдасындай әсер етуі мүмкін. Неге біз оны істей алмаймыз? Таза мыстан кабель шығару қиын ба? Бұл мәселені шешу үшін бізде көптеген жұмыс орындары ашылып, оларды әрі қарай дамытуымыз керек. Тек мыс емес, мырыш, титан, алюминий, магний, қорғасын және т.б. осылай дамытуға болады. Бұл үшін ол жерлерде білімді және жігерлі басшылар керек.
Жұмыссыздықты жою арқылы кедейшілікті өзінен-өзі жоюға болады. Ал, бұл үшін жемқорлықты жою, кадр мәселесіне назар аудару және сайлау процесін кеңейту керек.
– Сіз Президент Тоқаевтың әкімдерді сайлау мәселесін қалай бағалайсыз?
Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев әкімдерді сайлау үрдісін енгізгені біз үшін үлкен мүмкіндік. Сайланған әкімдер халықтың қолдауына сүйеніп, халықтың жағдайына назар аударады. Олар халықпен тығыз байланыста жұмыс істейді, бұл азаматтардың пікірін ескеруге мүмкіндік береді.
Дамыған елдер, мысалы, Еуропа, АҚШ, Жапония және Оңтүстік Кореяда бұл тәртіп бұрыннан қалыптасқан. Тіпті, Қытайда да Си Цзиньпин Президент болып келгеннен кейін осыдай жалпы сайлау үрдісі енгізілді, ол жердегі әкімдер мен олардың орынбасарлары халық дауысымен сайланады.
Халық алдында есеп беретін әкімдер сайлаудағы қолдауын жоғалтпау үшін, халықтың мүддесін қорғауға міндетті. Бұл жүйе олардың жауапкершілігін арттырады.
Бұдан басқа, мектеп директорлары, жоғары оқу орындарының ректорлары мен ғылыми-зерттеу институттарының директорлары да сайлануы тиіс. Бұл жерде тек 10 адамнан тұратын жиналыс емес, бүкіл мекеме ұжымы жабық дауыс беру арқылы өз кандидаттарын таңдауы керек.
Кеңес үкіметі кезінде жоғары оқу орындарында ғылыми кеңестердің шешімдері ректорларға міндетті болатын. Қазіргі таңда бұл жүйе өзгерді. Бірақ халыққа сайланған басшылар мен мекемелердің басшылары арасында тікелей байланыс орнату арқылы қоғамның барлық деңгейінде тиімді басқару жүйесін құруға болады. Халық бұл жүйеге үйреніп, уақыт өте келе жақсы нәтиже беретініне сенімдімін.
– Сонда ғылым мен білім саласында да сайлау өткізу қажет пе?
Ғылым мен білім саласында кадрлардың сапасы мен біліктілігі шешуші рөл атқарады. Көптеген елдерде, әсіресе Қытайда, ғылыми институттардың директорлары мен академия басшылары сайлану процесі қайтадан енгізіліп, білікті мамандардың іріктелуіне мүмкіндік берілген. Ұлттық ғылым академиясында директорлар мен жетекшілердің сайлануы — ғылыми жұмыстың тиімділігін арттырады. Олар әр бес жыл сайын есеп беріп, атқарған жұмыстарының нәтижесін көрсетіп отыруы тиіс. Бұл қоғам мен ғылыми орта арасында жауапкершілікті арттырады.
Сондай-ақ, Қытайдың ғылыми жетістіктері мен экономикасының жылдам дамуының себебі де кадрлық саясатта жатыр. Кадр мәселесі, шын мәнінде, көптеген мәселені шешуге мүмкіндік береді. Си Цзиньпиннің командасында білікті мамандар мен ғалымдардың болуы Қытайдың дамуына серпін берді.
Біздің елімізде де кадрларды дұрыс іріктеу, білікті мамандарды тарту және оларға қолдау көрсету — экономиканың, ғылым мен білімнің дамуына оң әсерін тигізеді.
Айта кетерлік, сайлау – мамандардың біліктілігін арттырып, жоғары дәрежеде жұмыс істеуіне ықпал етеді. Кеңес үкіметі кезінде "Красные директора" ұғымының пайда болуы, шын мәнінде, өз ісін жақсы білетін, жоғары нәтижелерге қол жеткізген мамандардың басқару позицияларына келуін қамтамасыз етті. Мұндай тәжірибені қазіргі жағдайда да қолдану маңызды, өйткені білікті мамандарды жоғары көтеру және олардың тәжірибесін бағалау — экономиканың және өндірістің дамуына шешуші әсер етеді. Соңғы және өткен жылдардағы Президент жолдауындағы маңызды мәселелер толығымен орындалып келе жатыр.
Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың сыртқы саясаттағы шеберлігі, елдің халықаралық аренада беделін арттыру үшін маңызды. Орташа дамыған елдермен, тіпті экономикалық деңгейі төмен мемлекеттермен де серіктестік орнату — еліміздің тұрақтылығына және дамуына ықпал етеді. Біздің ең қымбат, тәуетер, аяулы арманымыз – Тәуелсіздік! Осы саладағы істеліп жатқан жұмыстар, бәрінен маңызды. Тәуелсіздік болмаса оның бәрі бос сөз. Президентіміз Қ.К. Тоқаевтың жақында жарияланған "Орталық Азия ренессансы: орнықты даму және өркендеу" атты мақаласы дүниежүзінің саясаткерлерінің үлкен қызығушылығын туғызды. Ол мақаладан ғасырлар бойы шешілмей келе жатқан мәселелер мен сұрақтарға жауап табылады. Бұл талдау мен терең философиялық ойлар мемлекетіміздің басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың және онымен бірге Қазақстанның беделін көкке көтергені халқымызды қуанышқа бөлеп, жарқын болашағымызға сенімімізді мықтай түсетіні сөзсіз! Тәуелсіздігі нығайып, халқының әл-ауқаты жақсарып, экономикалық әлеуеті күшейіп, әділетті Қазақстанымыз гүлдене берсін! Жарқын болашақ алдымызда. Президент Жолдауы – жарқын болашақ кепілі!