Таунхаустар үшін тұрғын үйлерін сатқан 34 қазақстандық сан соғып қалды
Жоғарғы соттың ақпаратынша, 34 жәбірленуші бұрыннан бар баспаналарын сатып, жалдамалы пәтерлерде тұрып жатқандықтан, бұл ақшаны таунхаустар құрылысына салған. Алайда, олар ақшаны алғаннан кейін де әртүрлі мекенжайлардағы құрылыс-монтаж жұмыстары не басталмаған немесе басталып, аяқталмай қалған.
Ал сотталушылар қаражат тарту үшін әлеуметтік желілер мен әртүрлі интернет-платформаларда таунхаустар салу туралы хабарландыру жариялай берген.
"Өздерін табысты кәсіпкерлер ретінде көрсете отырып, іс жүзінде олардың жер телімдері де, рұқсат ететін құжаттары да, нақты мүмкіндіктері де болмағанымен, жобаларды жүзеге асыру қызметтерін ұсынған. Олар жасалған шарттардың сенімділігіне азаматтарды сендіріп, тапсырыс берушілерден ақша алып отырған. Құрылыс салушылар үлескерлердің ақшасына бірнеше тұрғын үй кешенін саламыз деп уәде беріп, оның орнына 500 миллион теңгеге жуық қаражатты өз меншігіне алып, нысандарды салмаған",- деп мәлімдеді сот.
Сотталғандар жәбірленушілермен қарым-қатынастары азаматтық-құқықтық сипатта болғанын айтып, өз кінәларын мойындамады.
Бірінші сатыдағы сот құрылыс салушыларды алаяқтық жасағаны үшін кінәлі деп танып, оларды ұзақ мерзімге (сәйкесінше 7 және 6 жыл) бас бостандығынан айыруға үкім шығарды, сондай-ақ жәбірленушілерге келтірілген шығынды өтеу туралы қаулы шығарды.
Апелляция олардың кінәсін дәлелденген, іс-әрекеттің саралауын дұрыс деп танып, жәбірленушілердің азаматтық талап қоюларын дұрыс шешіп, сотталушының бірінің жазасын Қылмыстық кодекстің 55-бабының 2-бөлігі бойынша жазаны жеңілдететін мән-жайлардың болуы және ауырлататын мән-жайлардың болмауын ескере отырып, жазаны 7 жылдан 6 жыл 8 айға дейін бас бостандығынан айыру жазасына қысқартты.
Сот қаулысы заңды күшіне енді.