Мемлекет басшысы Сауд Арабиясының тақ мұрагерімен кездесті

Президент Рияд қаласында One Water саммитін ұйымдастыруға қолдау көрсеткені үшін Қос киенің сақшысы, Сауд Арабиясының Королі Салман бен Әбделазиз Әл Саудқа және Сауд Арабиясының Тақ мұрагері, Премьер-министрі Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Саудқа алғыс айтты. Мемлекет басшысы Қазақстан мен Францияның төрағалығымен өтіп жатқан саммит әлемдегі экологиялық күн тәртібін ілгерілетуге елеулі үлес қосатынына сенім білдірді.
Қасым-Жомарт Тоқаев биыл Қазақстан мен Сауд Арабиясының арасында дипломатиялық қарым-қатынас орнағанына 30 жыл толғанын атап өтті. Президенттің айтуынша, осы кезеңде екі ел арасында сенімді саяси диалог жолға қойылып, берік құқықтық база қалыптасты. Сондай-ақ бірқатар инвестициялық жобалар жүзеге асты.
Кездесу барысында энергетика, мұнай-газ өнеркәсібі, көлік-логистика салаларындағы сауда-экономикалық және инвестициялық ынтымақтастық мәселелері қарастырылды.
Тақ мұрагері Мұхаммед бен Салман бен Әбделазиз Әл Сауд Қазақстанды Сауд Арабиясының Орталық Азиядағы маңызды серіктесі деп атады. Премьер-министрдің пікірінше, екі елдің сауда-экономикалық және инвестициялық байланыстарын қарқынды түрде дамытуға мол мүмкіндік бар.
Әңгімелесу барысында өңірлік және халықаралық күн тәртібіндегі өзекті тақырыптар талқыланды.