Импорттың теңізінде жүзіп жүрміз: Аймағамбетов Қазақстандағы фармацевтика саласының кемшіліктері туралы айтты

Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов 2025 жылғы 4 маусымда өткен палатаның пленарлық отырысында қазақстандықтарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету саласындағы кемшіліктер туралы айтты, деп хабарлайды Zakon.kz тілшісі.
Мәжілісменнің айтуынша, бірыңғай дистрибьютор – "СК-Фармацияның" өзінің логистикалық инфрақұрылымы жоқ. Логистиканың 90%-ын бар болғаны үш компания бақылап отыр. Нәтижесінде мұндай монополия логистикалық шығындардың 1,5 есеге өсуіне алып келді.
"СК-Фармацияның" үстеме бағасы, яғни комиссиясы, тұтастай алғанда 7% құрайды. Бұл – бір жағынан қосымша салық тәрізді. Оның бір бөлігі өз шығындарына, бір бөлігі табыс ретінде, ал қалғаны дивиденд ретінде бюджетке қайтарылады. Бұл – парадоксалды схема. "СК-Фармация" 491 млрд теңгеге сатып алу жүргізген, алайда бұл сатып алулардың негізгі бөлігі зауыттардан тікелей емес, жергілікті дистрибьюторлар арқылы жүзеге асады. Сонда бұл ұйым не үшін құрылды? Неге өндірушілерден тікелей сатып алмайды?" – деп сауал қойды Асхат Аймағамбетов.
Сонымен қатар ол дәрі-дәрмектердің импорт үлесінің жоғары екенін атап өтті.
"Мемлекет басшысы 2025 жылға дейін отандық дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдар өндірісінің үлесін 50%-ға жеткізуді тапсырған. 2024 жылы бұл көрсеткіш небәрі 15,7%-ды құрады. Біз импорттың теңізінде жүзіп жүрміз. Дәрі-дәрмектердің 84%-ы шетелден әкелінеді. 89 деп аталатын отандық өндірушінің тек 2%-ы ғана нақты дәрі шығарады. Қалғандары маска, шприц сияқты медициналық бұйымдармен айналысады. Осындай қарқынмен, осындай жұмыс деңгейімен жыл соңына дейін қойылған мақсатқа жету мүмкін емес... Көбінесе жаңа дәрілерді өндірудің орнына біз тек шетелден келген субстанцияларды әдемі бөтелкелерге құйып қоямыз. Бұл процестердегі отандық экономиканың үлесі өте аз – тіпті қағаз бен шынының өзін шетелден сатып аламыз. Сонда мемлекет тарапынан бөлінген миллиардтаған теңге жалған, жасанды өндіріс үшін кетіп жатқан жоқ па?" – деді депутат.
Сондай-ақ, ол ғылымның дамуының жеткіліксіз екеніне назар аударды.
"QazVac-тен басқа жаңа ештеңе шықты деу қиын. Клиникалық зерттеулер өте аз. Соңғы 10 жылда небәрі екі ғана препарат әзірленді. Соның бірі – йод пен калий-йодид. Бұл препаратты әзірлеуге 4-6 млрд теңге жұмсалды, бірақ ол формулярға енбеген, яғни қолданылмайды", – деп қынжылды Асхат Аймағамбетов.
Бұған дейін Қазақстанда тарифтерді қалыптастыру ережелері өзгергендігі хабарланған болатын.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript