Атырауда Абай Құнанбайұлының 180 жылдығы тойланды
Сурет: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Салтанатты іс-шара ақын ескерткішіне гүл шоқтарын қою рәсімімен басталды. Оған Атырау облысы әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев, халық композиторы Ілия Жақанов, облыстық Ардагерлер кеңесінің төрағасы Мұрат Өтешов, зиялы қауым мен қоғамдық ұйым өкілдері, сондай-ақ қала тұрғындары қатысты.

Сурет: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Алаңда жұртшылық назарына арнайы әзірленген "Абай ауылы" этнографиялық композициясы ұсынылды. Төрт тақырыптық киіз үйде ақын өмірінің негізгі кезеңдері – балалық шағы, білім мен ізденіс жылдары, қоғамдық қызметі және рухани кемелденуі бейнеленді. Қонақтар ұлттық қолөнер көрмесін тамашалап, қазақтың дәстүрлі ойындары мен спорттық жарыстарына қатысты.

Сурет: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Мерекелік іс-шара "Абай бейнесі" атты театрландырылған қойылыммен жалғасты. Онда актерлер ұлы ойшылдың әр кезеңдегі поэтикалық монологтарын сахналады. Көрермендер Абайдың мәңгілік мәнін жоғалтпаған өлеңдерін тыңдап, оның әндерін белгілі аймақ өнерпаздары мен этномәдени бірлестік өкілдерінің орындауында тыңдады.

Сурет: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі
Келелі жиынға қатысушы облыс әкімінің орынбасары Қайрат Нұртаев Абай мұрасын ұлттың рухани іргетасы деп атап, оның ой-толғамдары мен өсиеттерінің қазақстандық әр буынға өнеге әрі шабыт сыйлайтынын айтты. Ал халық композиторы Ілия Жақанов ұлы ақын шығармашылығының ұрпақтар арасындағы алтын көпір болып, өнер шеберлерін жаңа туындылар жасауға жігерлендіретінін жеткізді.

Сурет: Атырау облысы әкімдігінің баспасөз қызметі