Қызылордада Абай Құнанбайұлының ескерткішіне гүл шоқтары қойылды
Сурет: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Шараға аймақ басшылығы, зиялы қауым өкілдері, қала тұрғындары және жастар қатысты.
Абай – қазақ халқының рухани көшбасшысы, ұлттық сананы қалыптастырған ұлы тұлға. Оның мол мұрасы – адамзатқа ортақ қазына, ұлт мәдениеті мен әдебиетінің алтын арқауы. Абай шығармалары - ел бірлігі мен руханиятының берік тірегі.

Сурет: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
"Қазақтың бас ақыны – Абай Құнанбаев. Онан асқан бұрынғы-соңғы заманда қазақ баласында біз білетін ақын болған жоқ", – деп Ахмет Байтұрсынұлы атап өткендей, ұлы ақын есімін ұлықтау - бүгінгі ұрпақтың парызы.

Сурет: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Рәсімде Абайдың "Нұрлы аспанға тырысып өскенсің сен" өлеңі оқылып, "Көзімнің қарасы" әні орындалды.

Сурет: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Жалпы, Абай атамыздың 180 жылдығына орай облыс көлемінде, қала, аудан, ауылдық елді мекендерде байқаулар, интелектуалды сайыстар мен түрлі форматтағы іс-шаралар ұйымдастырылып өткізілді.

Сурет: Қызылорда облысы әкімінің баспасөз қызметі
Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына орай өтетін салтанатты іс-шараға қатысушыларға өз құттықтауын жолдағаны хабарланған. Елордада бір мезетте 5 мыңға жуық оқушы Абайдың "Желсіз түнде жарық ай" әнін орындады. Алматыда қазақтың бас ақыны, ойшыл және ағартушы Абай Құнанбайұлының туғанына 180 жыл толуына арналған салтанатты рәсім өтті. Абай алаңындағы іс-шара мерекелік бағдарламаның басты оқиғасына айналып, оған 5000-нан астам қатысушы жиналды.