ІІМ-де екі жабдықтау базасы біріктірілді
Фото: Zakon.kz
Құжат мәтінінде: "ҚР ІІМ "Оңтүстік әскери және арнайы жабдықтау базасы" республикалық мемлекеттік мекемесі мен "Солтүстік әскери және арнайы жабдықтау базасы" республикалық мемлекеттік мекемесін біріктіру жолымен "Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің әскери және арнайы жабдықтау базасы" республикалық мемлекеттік мекемесі құрылсын" делінген.
ҚР ІІМ аталған мекемеге қатысты мемлекеттік басқарудың тиісті саласына жетекшілік ететін уәкілетті орган болып айқындалды.
ІІМ ақпаратынша, базаларды қайта ұйымдастыру бюджет қаражатын оңтайландыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар қысқартылатын "ІІМ Оңтүстік әскери және арнайы жабдықтау базасы" РММ-нің штаттық бірліктері есебінен ІІМ орталық аппаратының, ӘӘЖБ-ның, Алматы, Шымкент қалалары, Ақмола және Ақтөбе облыстары полиция департаменттерінің госпитальдары мен емханаларының әлеуетін нығайту жоспарланып отыр.
Қайта ұйымдастыру рәсімдерін жүргізу республикалық бюджеттен қосымша қаржы бөлуді қажет етпейді.
Бұл қаулы 2025 жылғы 13 тамыздан бастап күшіне енді.