Тоқаев: Жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект Қазақстанның ұлттық басымдығына айналды

Тоқаев: Жаппай цифрландыру мен жасанды интеллект Қазақстанның ұлттық басымдығына айналды, сурет - Zakon.kz жаңалық 24.09.2025 00:19 Сурет: akorda.kz
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект (ЖИ) пен цифрлық технологияларды дамытуды Қазақстан үшін ұлттық басымдық деп жариялады. Оның айтуынша, цифрлық прогресс ел дамуының стратегиялық негізіне айналып отыр, деп хабаралайды Zakon.kz.

Президент атап өткендей, Қазақстан жасанды интеллектіні тек технологиялық жетістік ретінде емес, адамзат дамуына серпін беретін құрал деп есептейді. Дегенмен бұл салада белгілі бір тәуекелдер мен қауіптер де бар.

"Жасанды интеллект технологиялық, экономикалық және геосаяси теңсіздіктерді күшейтуі мүмкін. Сонымен қатар, этика нормалары бұл үдерістен кейін қалып қоймауға тиіс", - деді Тоқаев.

Мемлекет басшысы ЖИ дамуы аясында әділеттілік, жауапкершілік және адам құқықтарын қорғау мәселелері халықаралық деңгейде жедел шешілуге тиіс екенін айтты.

"Бұл үшін әр ел ЖИ артықшылықтарын пайдалана алатындай ұжымдық күш-жігер қажет", - деді ол.

Қазақстан БҰҰ аясында Жасанды интеллектіні басқару жөніндегі жаһандық диалог бастамасын қолдайды және оның жұмысына белсенді атсалысуға дайын екенін мәлімдеді.

Президенттің айтуынша, Қазақстанда жасанды интеллект экономика мен мемлекеттік қызмет көрсету секторларына кеңінен енгізілуде. Бұл бағытта базалық инфрақұрылым қалыптастырылып жатыр, ал дарынды жас мамандар оны жүзеге асыруға дайын.

"Біздің стратегиялық мақсатымыз – үш жыл ішінде Қазақстанды толық цифрланған елге айналдыру", – деді Мемлекет басшысы.

Электрондық үкімет те ұлттық даму стратегиясының негізгі элементі ретінде дамуда. Бүгінде мемлекеттік қызметтердің шамамен 90 пайызы цифрлық форматта ұсынылады.

"Жуырда Қазақстанда ең қуатты ұлттық суперкомпьютер іске қосылды", - деп хабарлады Тоқаев.

Жасанды интеллект пен автоматтандырудың дамуы көптеген елде жұмыс орындарының қысқаруына әкелуі мүмкін. Осыған байланысты Қазақстан кәсіптік білім беру мен қайта даярлау жүйесін күшейтуді маңызды міндет ретінде қарастырып отыр.


"Цифрлық прогресс кәсіптік білім берумен қатар жүруі қажет. Біз жұмыспен қамтуды арттырып қана қоймай, кәсіби мамандықтардың мәртебесін көтеруіміз керек", - деді Тоқаев.
Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: