Жақын жылдары ҰБТ жүйесінде қандай өзгерістер болады
Сурет: Zakon.kz/Павел Михеев
Министр бірінші кезекте баршаны тыныштандырып, 2026 жылы ешқандай өзгеріс болмайтынын нақтылады. Оның айтуынша, болашақта тестілеудің жаңа форматы SAT-қа ұқсас болады.
"Бұл бірден өзгерте салатын нәрсе емес, ол - әлеуметтік әрі шетін мәселе. Сонымен біз не істеп жатырмыз? Біріншіден, біз үлкен бес жылдық жоспар әзірлеп жатырмыз. Ол бойынша еліміздің тест жасақтаушы ғалымдары шетелдегі әлемге танымал компанияда дәріс алады. Қазір Ұлттық тестілеу орталығы директорының орынбасары Нұрсейіт Байжанов Принстонда арнайы тағылымдамадан өтіп жатыр. ETS компаниясы - 80 жылдық тарихы бар, TOEFL және GRE сияқты негізгі тестілеу жобаларын пысықтаған ең мықты тест құрастыратын мекеме. 2,5 мың тест жасаушы ғалым бір жерде шоғырланған", - деді ол.
Оның айтуынша, екінші кезеңде ETS компаниясының көмегімен халықаралық стандартқа пысықталған әдістеме әзірленеді. Осы орайда министр аталған әдістемеге сәйкес еліміздегі тестілеу жаңа форматқа көшірілетінін, бұл арадағы негізгі мақсат — сапаны көтеру екенін айтты.
"Бұл бізге не үшін керек? Біз ҰБТ халықаралық ЖОО-ға оқуға түсуге мүмкіндік беретін placement test секілді халықаралық тестке айналатын модельді қабылдағымыз келеді", - деді министр.
Оның сөзіне қарағанда, аталған бес жылдық жоспар аясында 2027 жылдан бастап пилоттық жоба енгізіледі. Талапкерлерге ескі немесе жаңа форматта тапсыру жөнінде таңдау мүмкіндігі беріледі.
Министр ETS компаниясының қызметін пайдаланғаны үшін тиісті ақы төленетінін айтты.
Ол жаңасында тест тапсырушыларды бағалау әдістемесіне өзгеріс енгізілетінін нақтылады, өйткені әлем баяғыда жаңа стандарттарға көшіп кеткен.