Депутат қазақстандық тасымалдаушылар үшін Ресейдің визалық ережелері мәселесін көтерді
Фото: Zakon.kz
Халық қалаулысының 6 қазандағы Facebook-тегі жазбасына сүйенсек, 2024 жылғы 8 тамыздағы өзгерістерден кейін Ресейдің №115-ФЗ Федералдық заңы бойынша, визасыз келетін шетел азаматтары Ресей аумағында бір күнтізбелік жыл ішінде 90 күннен артық бола алмайды.
Депутаттың айтуынша, бұл норма халықаралық автокөлік тасымалдарының ерекшелігін ескермейді.
"Біздің жүргізушілер шетелде жеке себептермен емес, еңбек міндеттерін орындау барысында болады. Алайда жаңа талаптар оларды Ресей заңнамасын бұзушы жағдайына әкеліп отыр... Сонымен қатар, Ресей мен Беларусь аумағында болған уақыт біріктіріліп есептелетіндіктен, тіпті Беларусь арқылы транзитпен өту де Ресейде болған күндер ретінде саналады", – деді Болатбек Алиев.
Ол сондай-ақ көпкүндік шекара кезектері туралы айтып, Қазақстан, Өзбекстан, Қырғызстан және басқа елдердің жүргізушілері күндер бойы шекара рәсімдерін күтуге мәжбүр екенін, бұл уақыт та 90 күндік шектеуге кіретінін атап өтті.
"Осы себепті мен бұл мәселе бойынша Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары, ЕАЭО аясындағы интеграция және өзара іс-қимыл мәселелеріне жетекшілік ететін Серік Мақашұлы Жұманғариннің атына ресми хат жолдадым. Сонымен қатар, бұл туралы Сыртқы істер министрлігі мен Ішкі істер министрлігі де хабардар етілді. Мақсат — тасымалдаушыларымызды қорғау және алдын ала әрекет ету тетіктерін әзірлеу", – деді депутат.
Алиевтің айтуынша, Қазақстан керісінше – серіктестік пен икемділік танытып отыр.
"Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 21 қаңтардағы №148 қаулысына сәйкес, көші-қон ережелерінің 6-тармағына сәйкес, халықаралық және транзиттік жүк, жолаушы тасымалдаушылар үшін (90/180 күн) шектеу қолданылмайды. Яғни, Қазақстан шетелдік тасымалдаушыларды мұндай талаптардан босатқан, тұрақты және қауіпсіз тасымалдау жүйесін қамтамасыз етіп отыр", – деді депутат.
Қорытындылай келе, депутат бұл мәселені Еуразиялық экономикалық комиссия деңгейіне шығарып, елдер арасындағы серіктестік диалог аясында қарастыру қажеттігін атап өтті.
Бұған дейін Қарағанды облысында заңсыз аңшылықпен айналысқан күдікті ұсталғанын жазғанбыз.