Тамандуа, сілеусін: Алматы зообағына АҚШ пен Канададан қандай жануарлар жеткізілмек

Тамандуа, сілеусін: Алматы зообағына АҚШ пен Канададан қандай жануарлар жеткізілмек, сурет - Zakon.kz жаңалық 29.10.2025 17:18 Сурет: Алматы хайуанттар бағы
Алматы хайуанттар бағы биыл жануарларды көбейту ісінде айтарлықтай жетістіктерге жеткен. Ветеринар дәрігер Юлия Дудкинаның айтуынша, 31 түрлі жануардан 87 төл алынған. Олардың арасында амур жолбарыстары, ақ қасқырлар, кенгуру, лемурлар, бұғылар мен таутекелер бар, деп хабарлайды Zakon.kz.
"Ең үлкен қуанышымыз – амур жолбарыстары жұбынан екі жолбарыс күшіктерінің дүниеге келуі. Бұл нәтижеге жету үшін төрт жыл бойы жүйелі түрде жұмыс істедік. Сонымен қатар, биыл екі жұп ақ қасқыр төлдеді – бірінен үш, екіншісінен бір бөлтірік туды. Бұл – Қазақстан үшін сирек кездесетін, ерекше құнды түрлер", - дейді маман.

Бақ әкімшілігі алдағы уақытта коллекцияны жаңа экзотикалық жануарлармен толықтыруды жоспарлап отыр. Жақын арада АҚШ-тан тамандуа мен алтыжолақты кіреукей, Канададан сілеусіндер жеткізілмек. Өз кезегінде Алматы хайуанаттар бағы сәтті көбейіп жатқан аққұйрық бүркіттерді шетелдік әріптестеріне табыстайды.

Коллекция жетекшісі Айман Едгебаеваның айтуынша, хайуанаттар бағының басты мақсаты – жануарларды көрсету ғана емес, табиғатты қорғау және жастар арасында экологиялық мәдениетті қалыптастыру.

"Алматы хайуанаттар бағы жыртқыш құстарды – сақалтай, ақ иықты және ақ басты бүркіттерді, құзғындар мен грифтерді көбейту ісінде халықаралық деңгейде танымал. Америкалық Timbavati Wildlife Park ұйымы біздің бақта кумайлардың табиғи жолмен көбейіп жатқанын ерекше атап өтті. Бұл – бүкіл әлемдегі сирек жағдай және Алматы үшін үлкен мәртебе", - деді Едгебаева.

Қазір хайуанаттар бағына жаңа тұрғындар – тукандар, циветтер мен гиббондар келіп қосылған. Экзотариум да жаңа түрлермен толықпақ – мұнда варандар, игуаналар мен сирек кездесетін жыландар әкелінбек.

Сондай-ақ, ақ аю - Пургаға арналған вольердің жаңғырту жұмыстары аяқталуға жақын. Алдағы уақытта оған халықаралық бағдарлама аясында жұп таңдалады. Болашақта барлық вольерлер жануарлардың табиғи мекендеу ортасына барынша ұқсас жағдай жасау үшін қайта жабдықталады.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: