Сенатор "қауіпті" жеделсатылардың көбейіп кеткенін айтып, мәселенің күрделі екенін мәлімдеді
Сурет: pxhere
Оның айтуынша, жеделсаты қауіпсіздігіне қатысты мәселе жыл сайын күрделеніп келеді.
"Бұл мәселеге қайта оралуға мәжбүрмін, себебі әрекетсіздік қайғылы оқиғаларға әкеліп отыр. Аз уақыт ішінде тағы бір резонансты жағдай болды: Астанада жөндеу жұмыстары кезінде лифт жұлынып кетіп, бір адам қаза тапты, екі адам ауыр жарақат алды. Қазақстанда жеделсатыларды пайдалану жағдайы күннен-күнге нашарлап барады. Жергілікті атқарушы органдарда кадр да, ресурс та, техникалық база да жоқ, сол себепті бақылау тек формалды түрде ғана жүргізілуде", – деді сенатор.
Орынбасаровтың айтуынша, Астанада бар болғаны екі тұрғын үй инспекциясының қызметкері 10 400 жеделсатыны бақылайды, сонымен қатар олар газ баллондарына да жауап береді.
"2013 жылғы лифтілерді бақылау функциясын жергілікті атқарушы органдарға беру туралы шешім стратегиялық қате болды. Бұрын бұл міндетті ТЖМ кәсіби түрде атқарған. Ал "оңтайландыру" барысында бұл қызмет әкімдіктерге берілді де, басқа міндеттердің арасында жоғалып кетті: штат қысқарды, жауапкершілік те іс жүзінде жойылды", – деп атап өтті ол.
Сенатордың сөзінше, 2014 жылы лицензиялаудың жойылуынан кейін жеделсаты қызметін көрсететін нарық жабдықсыз, біліксіз және рұқсатсыз компанияларға толып кетті. Мемлекеттік сатып алуларды ұтып алған ұйымдардың жартысынан көбі лифтілермен жұмыс істеуге құқығы жоқ, бұл саланы "көлеңкелі нарыққа" айналдырды. Жеделсаты паркінің тозуы да өте өзекті мәселе болып отыр: нормативтік қызмет мерзімі 25 жыл болса, елде 4 000-нан астам лифт толық ауыстыруды қажет етеді, ал шамамен 7 000 лифт өз ресурсын әлдеқашан тауысқан.
"Бұл – әрбір оныншы лифттің адам өміріне қауіп төндіретінін білдіреді. Біз жеделсатыға мемлекеттік бақылау функциясын әкімдіктерден ТЖМ-ның Индустриялық қауіпсіздік комитетіне қайтаруды, лифтілерді қауіпті техникалық құрылғылар ретінде тануды және бақылау шараларын күшейтуді ұсынамыз. Сондай-ақ ескірген жеделсатыларды толық ауыстыру үшін мемлекеттік бағдарлама іске қосылуы тиіс. Өкілеттіктерді қайта қарап, жаңа, тиімді өзара іс-қимыл алгоритмін әзірлеу үшін ведомствоаралық комиссия құру қажет. Бұдан бөлек, жеделсаты қауіпсіздігі саласындағы мемлекеттік бақылау және қадағалау органдарының өкілеттіктеріне аудит жүргізілуі керек", – деді депутат.
Бұған дейін Қазақстанда 250 мың бала қашықтан оқытуға көшірілгенін жазғанбыз.