Қазақстанда өңдеу өнеркәсібінің үлесін арттыру жоспарланып отыр
Сурет: primeminister.kz
Олжас Бектеновтің айтуынша, өңдеуші өнеркәсіпті дамыту – экономиканың тұрақты өсуінің негізгі шарты. Себебі дәл осы өңдеу секторында қосылған құн қалыптасады және жоғары білікті жұмыс орындары ашылады.
"Өңдеу саласы елдің технологиялық егемендігін қалыптастырады. Қазіргі таңда бұл сектордың ЖІӨ-дегі үлесі шамамен 13%. Экономиканы белсенді түрде әртараптандыруды жалғастыру маңызды. Соңғы жылдары едәуір жұмыс атқарылды. Соңғы бес жылда өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемі шамамен үштен біріне өсті. Kia, Sinopec, John Deere, Claas сияқты жаһандық жетекші компаниялардың қатысуымен ондаған жаңа кәсіпорын іске қосылды. Өткен жылы өңделген өнім экспорты 23 млрд доллардан асты. Бұл тек металдар ғана емес, сондай-ақ машина жасау, химия, азық-түлік өнімдері", – деді Үкімет басшысы.
Мақсат – 2030 жылға қарай өңдеуші өнеркәсіптің ЖІӨ-дегі үлесін 15%-ға, ал 2035 жылға қарай 18–20%-ға дейін жеткізу.
"Бұл – шындыққа жанасатын міндет екенін атап өтемін. Бұл үшін бізде барлық қажетті ресурстар бар: шикізат, энергия, тиімді географиялық орналасу, жас әрі білімді адами капитал. Бірқатар салаларда өңдеуші кәсіпорындарды шикізатпен қамтамасыз ету тетігі қабылданып, оның алғашқы нәтижелері байқалып отыр. Кәсіпорындар қуаттылықты жүктеу мен жаңғыртуды жоспарлау үшін болжамды жағдайға ие болды. 2026 жылдың басынан бастап қазақстандық тауар өндірушілердің тізілімі іске қосылады. Ол реттелетін сатып алулар нарығында нақты жұмыс істейтін отандық кәсіпорындарға басымдық береді", – деп толықтырды премьер-министр.
Олжас Бектенов отандық өндірушілерді қолдаудың ең тиімді құралдарының бірі – ұзақ мерзімді келісімшарттар мен оффтейк-келісімдер екенін еске салды.
"Биыл қазақстандық өндірушілермен осындай 879 келісім жасалды. Олар кәсіпорындарға өз өндірісін және дамуын сенімді жоспарлауға мүмкіндік береді. Өнеркәсіп министрлігіне мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, 2026 жылдың соңына дейін жасалған ұзақ мерзімді келісімшарттар мен оффтейк-келісімдердің жалпы санын кемінде 1 мыңға жеткізуді тапсырамын", – деді Үкімет басшысы.
Сондай-ақ өнеркәсіп және жасанды интеллект министрліктеріне өңдеуші өнеркәсіп кәсіпорындарында жабдықты болжаулық техникалық қызмет көрсету, сапаны автоматты бақылау және өндірісті оңтайландыру үшін жасанды интеллектті енгізудің жаңа жобаларын іске асыру тапсырылды.
Бұған дейін Қазақстанда 2028 жылға дейін астықты терең өңдейтін 5 ірі кәсіпорын іске қосылатындығы хабарланған болатын.