Алматы қаласының Мемлекеттік қуыршақ театрына "академиялық" мәртебе берілді
Сурет: Қуыршақ театры
Алматы әкімдігінің хабарлауынша, бұл мәртебе бүлдіршіндердің бойына ізгіліктің дәнегін бір ғасырға жуық уақыт бойынша егіп келе жатқан өнер ордасына ұлт мәдениетінің дамуы жолындағы зор еңбегі үшін беріліп отыр.
Кішкентай көрермендерді ертегілер әлеміне жетелейтін Мемлекеттік қуыршақ театрының негізі 1935 жылы белгілі қоғам қайраткері Темірбек Жүргеновтің бастамасымен қаланған. 90 жылдық тарихы бар өнер ордасы бүгінгі күнде көрерменнің сұранысына сай танымдық әрі тәрбиелік мәні зор әр алуан бағыттағы қызықты да көңілді, көркемдік деңгейі жоғары спектакльдер легін ұсынып келеді.
Қазақ халқының ертегілері мен аңыздарына негізделген "Ортеке", "Наурыз құпиясы", "Ұр, тоқпақ!", "Ер Төстік", "Қаңбақ шал", "Алтын адам" сынды балаларға арналған спектакльдер ұлттық құндылықтарымызды дәріптеп қана қоймай, балаларды патриоттық, батылдық, жасампаздық секілді ізгі қасиеттерге жетелейді. Әлем әдебиетінің үздік үлгілері қатарынан табылатын ертегілер мен шығармалар негізінде сахналанған "Қасқыр мен жеті лақ", "Қызыл телпек", "Үш торай", "Қар ханшайымы", "Түйме қыз" сынды қойылымдар бүлдіршіндерге мейірімділіктің, қамқорлықтың, адамгершіліктің маңызын үйретеді. Ал ересектерге арналған "Мен кіммін..", "Шекпен", "Шал мен теңіз", "Ана – Жер ана", "Макбет. Иллюзия", "Ромео мен Джульетта" сынды спектакльдер көрерменге жан-дүниесіне үңіліп, рухани серпіліс алуға мүмкіндік береді.
Мемлекеттік қуыршақ театры үшін соңғы жылдардағы ең ірі мәдени бастамалардың бірі – жыл сайын тұрақты түрде ұйымдастырылып келе жатқан Халықаралық Almaty Puppet Festival қуыршақ театрлар фестивалі. Аталған жоба Алматыны халықаралық қуыршақ өнерінің маңызды орталықтарының біріне айналдырды. Фестиваль аясында Испания, Италия, Чехия, Польша, Қытай, Үндістан, Болгария, Түркия, Ресей, Әзірбайжан, Өзбекстан, Қырғызстан және Қазақстанның таңдаулы ұжымдары бас қосып, шығармашылық тәжірибе алмасып, қуыршақ өнерінің жаңа бағыт-бағдарын бірге талқылайтын кәсіби алаң қалыптасты. Бүлдіршіндер мен ересек көрермен үшін бұл мереке нағыз рухани жаңғыру кеңістігіне айналды.
Сонымен қатар, Мемлекеттік қуыршақ театрының халықаралық сахнадағы белсенділігі де жыл санап артып келеді. Ұжым Франция, Канада, Болгария, Түркия сынды бірқатар елде өткен айтулы халықаралық театр фестиваліне қатысып, жүлделі орыннан көріне білді. Бұл жетістіктер қазақ қуыршақ өнерінің шетелдердегі танымалдығын арттырып қана қоймай, отандық театрдың кәсіби деңгейін жаңа биікке көтеруге ықпал етті.