Алматыда қар мен көктайғаққа қарсы дайындық басталды
Сурет: Алматы әкімдігінің баспасөз қызметі
Алматы коммуналдық инфрақұрылым және тұрғын үй инспекциясы басқармасының өкілдері хабарлауынша, қыстың басталуымен коммуналдық техника маусымдық режимге бейімделіп, қайта жарақтандырылады.
Арнайы машиналарға құм-тұз қоспасын себетін қондырғылар, қар тазалайтын соқалы-щеткалы жабдық және жол мен тротуарды қар мен көктайғақтан тазартуға қажетті өзге де құрал-жабдықтар орнатылады.
Әкімдіктің коммуналдық қызметі күшейтілген дайындық тәртібіне көшіп, көлік қозғалысының қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жолда көліктің кедергісіз жүруін қамтамасыз ету және қала тұрғындарының қыста емін-еркін жүруіне жағдай жасау бағытындағы жұмыстарын жандандырады.
Қар тазалау жұмыстарына 17 мердігер ұйым, мыңға жуық арнайы техника және 2 710 жұмысшы жұмылдырылмақ. Дайындық барысында мердігерлер техникаға техникалық тексеріс пен жөндеу жүргізді, 25 өндірістік база мен 23 құм қоймасын әзірледі, қызметкерлерге арналған ғимараттарды жаңғыртып, қажетті материалдар мен құрал-жабдықтарды сатып алды. Қар үйінділерін уақытша жинауға орындар да белгіленді.