Геннадий Головкин бокс даңқ залына енген тұңғыш отандасымыз
Сурет: ҚР Ұлттық олимпиада комитеті
Бұл туралы 4 желтоқсанда Қазақстанның Ұлттық олимпиада комитеті мәлім етті.
"Ол – Қазақстан тарихында бұл мәртебеге қол жеткізген тұңғыш спортшы. Геннадий Головкин даңқ залына бірінші ұсыныстан-ақ өтті", – делінген хабарламада.
Айтылады, Геннадий Головкиннің әуесқой бокстағы жолы орта салмақтағы ең табысты спорттық мансаптардың бірі саналады. Ол 350 жекпе-жек өткізіп, соның 345-інде жеңіске жеткен. Көп жыл бойы Қазақстан құрамасының жетекшісі болды.
Кәсіби рингке өткен соң Геннадий Головкин XXI ғасырдағы орта салмақта ең үстем шыққан боксшылардың біріне айналды.
Оның қоржынында 45 айқас бар, олардың 37-сінде қарсыласын нокаутпен жеңген. Ол ұзақ жылдар бойы әлемдік рейтингтің үздігі саналды. Кәсіби мансабында бірнеше нұсқа бойынша әлем чемпионы атақтарын және беделді белбеулерді иеленді.
Бұған дейін Қасым-Жомарт Тоқаев Геннадий Головкинге "Барыс" орденінің бірінші дәрежесін табыстағаны хабарланған еді.