Цифрлық көші-қон: Қазақстан шетел азаматтарының елге кіруін оңтайландыруда

Биржа труда, рынок труда, карьерные центры, поиск работы, карьера, собеседование, работа, работники, сотрудники, наем, трудоустройство, прием на работу, профессия, профессии, сурет - Zakon.kz жаңалық 19.04.2026 14:57 Фото: freepik
Қазақстан инвесторлар, бизнес өкілдері және өзге де шетел азаматтары үшін елге кіру, виза рәсімдеу және рұқсат құжаттарын алу тәртібін оңтайландыруда. Бұл туралы бүгін, 19 сәуірде ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі мәлімдеді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Министрлік дерегінше, жеңілдетілген және инвестициялық режимдер аясында түрлі преференциялардың кең ауқымы ұсынылған. Бұл дегеніміз – инвесторлар мен кәсіпкерлер арнайы визалық режимдерді, өтінімдерді жедел қарау рәсімдерін, сондай-ақ инвестициялық жобаларды сүйемелдеу тетіктерін пайдалана алады деген сөз.

"Жеңілдетілген шарттар сұранысқа ие мамандықтар бойынша Қазақстанда жұмыс істеу үшін келетін шетел азаматтарына, сондай-ақ мемлекеттік органдардың қолдаухаты болған жағдайда экономикалық және әлеуметтік жобаларға қатысушыларға да қолжетімді",- делінген ақпаратта.

Цифрлық технологиялардың қарқынды дамуы жаһандық еңбек нарығын түбегейлі өзгертуде. Әлемде жасанды интеллектпен жұмыс істеу дағдылары бар мамандарға сұраныс артып келеді. Осыған байланысты сұранысқа ие мамандықтар тізімінде ерекше назар ІТ саласына аударылған (жасанды интеллект инженері, ақпараттық жүйелер архитекторы, қосымша әзірлеуші, ақпараттық қауіпсіздік инженері және т.б.). Сонымен қатар денсаулық сақтау (нейрохирург, гематолог, онколог, сәулелік диагностика дәрігері және т.б.), креативті индустрия (графикалық дизайнер, дыбыс режиссері, графикалық анимация технигі және т.б.), жаратылыстану ғылымдары, инженерлік және өңдеу салаларында да (фармацевтикалық өндіріс инженер-технологы, лазерлік жабдықтар инженері, бактериолог және т.б.) сұраныс жоғары.

Сондай-ақ, Еуразиялық экономикалық одаққа (Армения Республикасы, Беларусь Республикасы, Қырғызстан, Ресей Федерациясы) мүше мемлекеттердің азаматтары үшін де қолайлы жағдайлар жасалған.

ЕАЭО аясында қатысушы елдердің азаматтары Қазақстан аумағында рұқсат құжаттарын алмай-ақ еркін жұмысқа орналасу құқығына ие. Бұл жұмыс күшінің жоғары мобильділігін қамтамасыз етіп, экономикалық ынтымақтастықтың дамуына оң әсерін тигізеді. Айта кету керек, дәл осындай қағидат бойынша қазақстандықтар да одаққа мүше елдерде еңбек етуде.

"Одаққа мүше емес елдердің азаматтары үшін еңбек нарығының қажеттіліктері мен квоталау негізінде құрылған жұмыс күшін тарту жүйесі қолданылады. Бұл тәсіл экономика мүдделері мен ішкі еңбек нарығын қорғау арасындағы тепе-теңдікті сақтауға мүмкіндік береді. Осылайша Қазақстан ашық әрі теңгерімді көші-қон саясатын қалыптастырып келеді",- деп мәлімдеді министрлік.

2026 жылдың басынан бері сұранысқа ие мамандықтар бойынша шетелдік жұмыс күшін тартуға 5,1 мың рұқсат берілді, ал еңбек иммигранттарына шамамен 75 мың рұқсат рәсімделді.

2026 жылға арналған шетелдік жұмыс күшін тарту квотасы 23,6 мың адамды құрайды, ал еңбек иммигранттарын тарту квотасы 221,8 мың адам деңгейінде айқындалған.

Сонымен қатар елдің орнықты дамуын қамтамасыз етуге және Қазақстанмен өз болашағын байланыстыратын, яғни азаматтық алуға ниетті шетел азаматтарын қабылдау сапасын арттыруға бағытталған көші-қон саясаты жүйелі түрде жетілдірілуде.

"Осыған байланысты тұрақты тұруға рұқсат алу тетігінің заманауи цифрлық тәсілдер мен ашықтық қағидаттарына негізделген жаңартылған тетігі енгізілуде. Жаңа тәртіп үміткерлерді кезең-кезеңімен бағалауды көздейді: мемлекеттік тілді базалық деңгейде меңгеруін тексеру, сауалнамалық деректерді талдау, цифрлық скоринг, уәкілетті мемлекеттік органдар тарапынан тексерулер, сондай-ақ қорытынды сұхбат. Бұл тетік Қазақстанды ұзақ мерзімге қоныстанып, қоғам өміріне белсенді араласатын ел ретінде таңдайтын азаматтарға бағытталған".ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі

Аталған тәсілді іске асыру тұрақты тұруға ниетті адамдарды неғұрлым дәл әрі теңгерімді қабылдауды қамтамасыз етіп, көші-қон үдерістерінің тиімділігін арттыруға және әлеуметтік тұрақтылықты нығайтуға мүмкіндік береді.

Мақаламен бөлісу
Мақаламен бөлісу:
Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: