Алматыда жазда ауа райы қандай болады
Фото: Zakon.kz
Сонымен қатар, синоптиктер шілде мен тамыз айын маусымның ең құрғақ кезі болады деп болжап отыр. Ыстықтан ыс басып, өрт көбейіп, осындай қауіпті жайттар еселеп өседі. Өңірлік коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында "Қазгидромет" РМК метеорологиялық болжамдар бөлімінің басшысы Дәулет Кісебаев көктемгі-жазғы кезеңге арналған осы болжам туралы баяндады.
Синоптиктердің мәліметінше, жаздың басындағы температура климаттық нормадан шамамен бір градусқа жоғары болмақ. Мамандар күн райы да осы кездері көп құбылатынын айтады. Ыстық күннен кейін әсіресе Алматының тау бөктеріндегі аудандарда аяқ асты нөсер жаңбыр жауып кетіп, найзағай ойнап, қатты жел соғып, артынша бұршақ жаууы да әбден мүмкін.
"Алматыда жазда нөсер жаңбыр жауып, найзағай ойнап, бұршақ жаууы әбден мүмкін. Жазда мұндай жағдай әсіресе кешкі уақыт пен тау бөктеріндегі аудандарда жиілейді. Сондықтан тұрғындар дауылды ескерту мен ресми болжамдарды мұқият бақылап отырғаны дұрыс", — дейді Дәулет Кісебаев.
Әдеттегідей, жаздың екінші жартысы — шілде мен тамыз ең құрғақ кезең болмақшы. Жоғары температура мен жауын-шашынның аздығы өрт қаупінің артуына әкеледі, әсіресе тау бөктерін мен табиғи аумақтарда.
Спикердің айтуынша, қала климаты біртіндеп жылынып келеді екен. Ыстық күндер көбейіп, қыс жұмсарып, күннің алай-дүлей болып кетуі жиілепті.
"Бұл әлемнің көп елінде болып жатқан жаһандық климаттық өзгерістің бір бөлігі. Алматы тұрғындары оның салдарын қазірдің өзінде сезіне бастады. Жаз ұзағырақ болып, қатты ыстық толқындары жиілеп келеді. Сонымен қатар ауа райы да құбылмалы әрі тұрақсыз бола түсті", — дейді спикер.
Қатты ыстық ауа сапасына да әсер етуі мүмкін. Жоғары температура мен әлсіз жел кезінде атмосферадағы ластаушы заттар нашар таралады. Алматының жер бедерін ескерсек, бұл ыс басуға алып келуі ықтимал.
Синоптиктер аптап ыстық кезінде күннің астында ұзақ тұрмай, суды жиі ішіп, ауыр жұмыстан аулақ болып, балалар мен қарт адамдарға ерекше көңіл бөлу керектігін айтып отыр. Сонымен қатар мамандар болжам мен дауылды ескерткен хабарламаға да үнемі көз жүгіртіп қою керектігін ескертіп өтті.
"Қазіргі метеорология — бұл станциядағы бақылаушы ғана емес. Бүгінде болжам спутниктік суреттер, автоматтандырылған метеостанциялар, радиолокациялық ақпарат пен атмосфераның сандық модельдері негізінде жасалады. Болжам жасау кезінде WRF мезомасштабты моделі мен Еуропалық орта мерзімді ауа райы болжамы орталығының жаһандық моделі қолданылады", — деп түсіндірді Дәулет Кісебаев.