Елордада ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның отырысы өтті
ҚР Ұлттық академиялық кітапханасында ҚР Мәдениет және спорт министрі Ақтоты Райымқұлованың төрағалығымен ЮНЕСКО және ИСЕСКО істері жөніндегі ұлттық комиссияның кезекті отырысы өтті, деп хабарлайды zakon.kz министрліктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Отырысқа комиссияның тұрақты мүшелері – мүдделі мемлекеттік органдардың басшылары, ҚР білім, ғылым және мәдениет қайраткерлері қатысты.
Соңғы екі жылдың қорытындылары бойынша Комиссия, оның тақырыптық комитеттері мен ЮНЕСКО Клубтары және ЮНЕСКО-ның қауымдасқан мектептерінің жұмыстарының нақты нәтижелері баяндалды. Атап айтқанда, Қазақстанның тағы екі ұлттық паркі – Шарын және Жоңғар Алатауы ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік биосфералық резерваттар желісіне енгізілді. Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізімі ҚР-дың "Қорқыт мұрасы" және "Қазақ жылқы өсірушілерінің дәстүрлі көктемгі әдет-ғұрыптары – Қымызмұрындық, бие байлау және айғыр қосу" номинацияларымен толықтырды. ЮНЕСКО-ның қолдауымен Париж қаласында "Ұлы дала: рухани мұра және оның әлемдік тарихқа үлесі" халықаралық форум сәтті өткізілді.
Қазақстан ЮНЕСКО-ның "Адам және биосфера" бағдарламасының халықаралық үйлестіру кеңесіне тағайындалды, ал Қазақстандық салалық Ұлттық комитетінің басшысы Р. Ященко биосфералық резерваттар жөніндегі Кеңесшілердің Халықаралық комитетінің құрамына тағайындалды.
ҚР Сыртқы істер министрінің орынбасары – Ұлттық комиссия төрағасының орынбасары Ерлан Ашықбаев ЮНЕСКО-ның Әлеуметтік-мәдени саладағы міндеттерді шешуде Қазақстанның маңызды серіктесі болып қала беретінін, сондай-ақ мәдениет, ғылым, білім, ақпараттық технологиялар салаларындағы ұлттық жетістіктерді насихаттау үшін бірегей платформа болып табылатынын атап өтті.
Отырыс барысында қатысушылар Комиссияның 2020 жылға арналған қызметінің басым бағыттарын талқылады, оның ішінде ЮНЕСКО-ның дүниежүзілік мұра және материалдық емес мұра тізіміне жаңа ұлттық номинацияларды дайындау және ілгерлету мәселелерін қарастырды.
Комиссия мүшелері ағымдағы жылы ЮНЕСКО-ның атаулы даталар күнтізбесіне енгізілген Әл-Фарабидің 1150 жылдығы мен Шымкенттің 2200 жылдығын атап өтуді мәселесін талқылауға ерекше назар аударды.