Ертең Борат-2 шығады. Ол фильмге ренжуге бола ма?
Борат. Басты рөлде Ағылшындық комик. Американдық фильм. Қазақ журналисі. Комедия. Бейпіл, анайы әзіл. Ендеше біздің қоғам не үшін ренжуі керек деген сұрақ туындайды. Бірінші фильмде байқасақ ол Қазақтың емес, Америкалықтардың өмір салтын келемеждейді.
Алайда өзі де қазақша айтсақ сау сиырдың боғы емес. Тым ашық, анайы. Оған да ренжімей ақ қоюға болар еді, алайда біздің елдің атауы, мемлекеттік символдар басы бүтін жүр. Мүмкін Саша Коэн ойлайтын шығар, ел болғандарыңды қайтейін іріп-шіріп отырсыңдар, деп. Әлде оның ойы тек комедияны батыс көрермендері үшін ғана күлкілі ғып жасау маңызды болған шығар. Қайдағы бір қазақтардың қабақ шытуы оны қызықтырмаса керек. Бірақ олай да болмайды ғой. Бұл әлде өркениет пен салт сана алуандығынан туындаған түсініспеушілік пе. Түсініп көрейікші.
Бұл туралы Еуразия бірінші арнасы хабарлайды.
Белгілі цирк әртісі Мұрат Мұтырғанов Бораттың дақпыртын пайдалану керек деп ұсыныс тастады.
Мұрат Мұтырғанов, цирк әртісі:
Борат ол жаһандық деңгейдегі хайп. Оны әлемде миллиондаған адамдар көреді. Осы хайпты біздің елге пайдасы тиетіндей етіп пайдаланайық. Қалайша? Әдемі қыздар, әсем табиғат, сәулетті ғимараттар, айрықша жерлер, ерекше тұлғалар, музыканттар, дәстүр ерекшеліктері, тағы басқа кереметтерді фотоға, видеоға түсіріп, WhereBoratLives Бораттың мекені деп тегтеп, хэштегпен айдарлайық.
Инстаграмм желісінде көп ұзамай-ақ мыңнан аса сурет пен видео жүктелген. Жалпы бұл Қазақстанның қара жаяу емес екенін дәлелдеп бағу, классикалық қанға қан, жанға жан, хайпқа хайптың кері сияқты бір қарағанда. Бірақ, жұрттың намысына тиетін объективті себеп те жоқ емес.
Алмас Тоқабаев, блогер:
Пәленбай жыл бодан болдық. Отаршылдықта болдық. Ішіміздегі өзіміздік бір нәрсемізді сақтап қалғымыз келеді. Мәдениетімізден айырылып қала жаздадық та, жаһандану келген кезде біз бүйтіп жиналып алдық. Бұл негізі табиғи нәрсе. Ол өзін қорғағысы келген кезде бұл қорғаныс рефлексі.
2005 жылы Бораттың бірінші фильмі шыққанда қорғаныс рефлексінің күшті болғаны соншалық, отандық режиссер Еркін Рақышевтің қарымта кино түсіргенін біреу білсе біреу білмес.
Борат мой брат деп аталып, орысша түсірілген фильм ағылшыншаға да аударылды. Онда Борат Қазақстанға келіп, гүлденген мемлекетті көріп жаға ұстайды. Бұны естіген Америкалық кинокомпания Еркін Рақышевті шақырған екен. Түсірген туындыңды ала кел депті.
Еркін Рақышев, кинорежиссер:
Бірақ олар біздің киноны көріп шошып кетті. Біз алдық та Бораттың өзін масқараладық, Американы, еврейлерді, сол кездегі Американың президенті Буштың да быт-шытын шығарып кинода Бен Ладенге тепкіздік, төбелестірдік, әйтеуір ойымызға келгенді істедік. Бораттың фильмі черный юмор дейміз ғой, сол жанрда болғаннан кейін бізде осындай черный юмор жанрында шығардық. Жаңағы жерде есек-месек, ой, ұятсыз эпизодтар да кіріп кетті.
Бірақ Рақышевтің фильмі екі себеппен жарыққа шықпай қалды. Тым анайы. Оны отандық аудитория қабылдай алмайды. Екіншіден Америкалықтар бас тартқан.
Еркін Рақышев, кинорежиссер:
Бұны көрсетуге болмайды. Себебі бұны біз көрсетсек бізге штраф салады дейді. Адамның ар намысын аяққа таптадыңдар үйттіңдер бүйттіңдер деген сияқты. Сонан кейін біз айтамыз Демократияларың қайда сендердің бізді үйретіп жүрген.
Америкадан демократия тапты ма, таппады ол өзіне аян. Белгілісі ол қайтадан қарымта кино түсірмейді. Бірақ Саша Коэн мен оның командасы заң алдында жауап беруі тиіс деп санайды.
Қазақстанда жұмыс істеп жатқан Вашингтонның тумасы Эрик мырза қазақтардың қазіргі ренішін түсінбей-ақ қойдым дейді. Айтуынша қара юморда шекара болмайды. Ол керек десең Американың өзін аяқ асты ете салады.
Эрик Вэгстайн, АҚШ азаматы:
Бұл фильмде Қазақстанды қасақана қаралап көрсету мақсаты екібастан болған емес. Тек осы ел кездейсоқ таңдалды деп ойлаймын. Ол бәлки Қырғызстан, Ауғанстан не АҚШ-тың өзі болуы мүмкін еді. Саша Коэнге келсек ол Қазақстанды білмейтін де шығар. Мен 4 жылдан асты осында тұрып жатырмын. Сіздерді өте мәдениетті, жылдам дамып келе жатқан, тарих пен дәстүрге баса мән беретін ел ретінде таныдым. Бірақ батыста жалпақ жұрт Қазақстанды білмейді.
Юмор дегеннен шығады. Өзі де аз-кем әлеуметтік сатирадан бір қабат жазып қоятын блогердің айтысына қарағанда Боратқа реніштің төркіні бізде жаһандық субмәдениеттің жоқтығынан. Сөзіне сенсек тіпті сатирадан да кенже қалыппыз.
Алмас Тоқабаев, блогер:
Біздің қазіргі танымал деген юмористер, вайнерлер, жайдарманшылардың барлығы бір отбасының, баяғыда сондай болған еді, әйелім сүйткен кезде бүйткен, күйеуі мен әйелі, анасы мен мынасы дегеннің айналасында қалып қойдық та біз тұрмыстық отбасының.
Борат 2 шыққалы жатыр екен деп жікжаппар болған жұртқа қайтпек керек? Біреулер керемет Қазақстанды көрсетіп әлек, біреулер жазалайық дейді.
Алмас Тоқабаев, блогер:
Жазаның ең ауыр түрі ол елемеу. Яғни, игнор.
Ютуб платформасында Әли деген арнасын жүргізетін жігіт Борат фильмі төңірегіндегі у-шуға мынадай үндеу тастады:
Ақтауда кішкентай итбалықты ұрып қашырған кезде мен Боратпын ба? Өзін қорғай алмайтын сәбиге не әйелге зорлық көрсеткенде мен Боратпын ба? Білімге ұмтылмасам, мәдениетімді дамытуға ұмтылмасам мен Боратпын ба? Егер сені Борат фильмінің екінші бөлімі қатты ызаландырса, ойланып көрші, сол Бораттың өзі сен емес пе?