Жаңалықтар тізбегі
0

"Өзіңмен Арыстың бойында таныстым": 15 тамыз - Шәмші Қалдаяқовтың туған күні

15 тамыз, Шәмші Қалдаяқовтың туған күні, сурет - Zakon.kz жаңалық 15.08.2024 12:56 Сурет: Шортанды ауданынын экімдігі
1930 жылы 15 тамызда қазақ вальсінің королі, Қазақстанның халық әртісі, композитор, қазақ мәдениетіне еңбегі сіңген қайраткер Шәмші Қалдаяқов дүниеге келген. Аңыз адам көзі тірі болса дәл бүгін, 94-ке толар еді, деп хабарлайды Zakon.kz.

Ән өнерінің майталманы, Оңтүстік Қазақстан облысы Отырар ауданы Шәуілдір ауылында жарық дүниенің есігін ашқан. Әкесі Қалдаяқ (шын аты — Әнәпия) ұл туса Жәмшид патшаның атын қоям деп жүргенде түс көреді. Түсінде ұлының айдын көлде аққу құс болып жүзіп жүргенін көріп, жақсыға жориды. Сөйтіп, айы-күні жетіп Сақыпжамал босанып, сәби жарық дүниеге келіп есімін Жәмшит қояды.

Өнер жолы

Шәмші асыл арманына апарар жолдан біраз ауытқып, алғашында Қапланбектегі зооветтехникумды бітірсе, кейіннен әскери училищеге түседі. Ақыр аяғында, өнерге деген ынтасы тыным бермей Ташкенттегі музыкалық училищеге оқуға түседі. Дәл осы кезде Ташкентке ән сапармен Жамал Омарова келеді. Шәмші онымен танысып, Жамал апай болашақ композитордың үлкен өнер жолына түсуіне септігін тигізеді. Алғаш рет оның "қайықта" әнін дәл осы әнші орындаған болатын.

"Жамал Омаровамен концерт біткеннен кейін кездесіп, өзінің көңілде жүрген ойлары мен өлеңдерін ол кісіге көрсетеді. Сөйтсе, Жамал апа оның талантын байқап, Өзбекстанда қанатын кеңге жая алмайтынын айтып, Қазақстанға, Алматыға алып кетеді". Райхан Қалдаяқова, Шәмші Қалдаяқовтың қарындасы

Осылайша, арман қуған Шәмші Ташкенттегі оқуын бітірместен, Алматыға көшіп келеді, делінген Qazaqstan TV телеарнасының "Жарқын бейне" бағдарламасының Қалдаяқовқа арналған шығарылымында.

"Бойдақ кезінде мен Жамал апаның үйінде тұрдым. Ол кезде тұрмыс та нашар болатын. Тамақ, шай, су мәселесі студенттерге ауыр кез болатын. Жамал апаның үлкен баласы есебінде тұрдым", — дейді Шәмші Қалдаяқов бір естелігінде.

1956 жылы Қалдаяқов Құрманғазы атындағы консерваторияға оқуға түседі. Алайда, әлдебір себептермен Шәмші диплом ала алмай қалғандықтан өмірінің соңына дейін әуесқой сазгерлер қатарында жүрді.

Саналы ғұмырында Шәмші Қалдаяқов Мұхтар Шаханов, Сабырхан Асанов, Қадыр Мырза Әли, Жұмекен Нәжімеденов, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Төлеген Айбергенов, Зәкір Шүкіров, Тұманбай Молдағалиев, Ғафу Қайырбеков сынды қазақтың дарынды ақындарымен жұмыс істеді.

"Шәмші алдымен ән жазатын. Дегенмен, поэзиядан да құр алақан емес еді. Бірде, Төлеген Айбергеновтың "Арман сапары" деген, 50-60 беттік кітабы шықты, бағасы 6 тиын тұратын. Сонда, Шәмшінің жазған өлеңі "Тым аз екен өлеңінің қатары, 6-ақ тиын тұратын қандай арман сапары" деп өлеңдеткен болатын. Мұхтар Шаханов, Шәмші Қалдаяқовтың досы
"Өзіңмен арыстың — бойында таныстым": 15 тамыз — Шәмші Қалдаяқовтың туған күні, сурет - Zakon.kz жаңалық 15.08.2024 12:56

Сурет: ВКонтакте/Жұлдыздар отбасы АҢЫЗ АДАМ

Ән тарих

Шәмші Қалдаяқовтың қазақ музыка өнерінің қазынасына үш жүзге жуық ән қосқан екен. Мемлекетіміздің әнұранынан бастап, шынайы қазақтың үлкенді-кішілі той-думанында Шәмшінің тым құрығанда бір әні айтылмауы тіпті мүмкін емес. Осы орайда, келесі әндердің шығу тарихына тоқталсақ.

Қайықта. Бірде Шәмші Қалдаяқов пен ақын Нұрсұлтан Әлімқұлов Алматыдағы Горький паркіндегі көлдің жағасымен келе жатса, бір сұлу қыз орындықта жылап отыр екен. Жағада ескекті қайық тұр. Шәмші қызға жетіп келіп: "Қарындас, неге жылап отырсыз?" — дейді. Бөгде екі жігіттен именген қыз орнынан тұрып кетіп қалады. Толқынмен тербелген көл. Ескекті қайық. Жағада жылап отырған ару қыз. Бұл көрініс ақын мен сазгерге ерекше әсер етеді. "Мен ән жазайын, сен сөз жаз!" — деп екеуі өзара уәде беріседі. Сөйтіп ән мен сөз дайын болған соң, атап өтуге әлгі жерге келсе, сол орындықта баяғы қыз тағы жылап отыр! Бұған таң-тамаш болып, әрі қуанған ақын мен сазгер қызға келіп, осы әннің тууына өзінің себепкер болғанын айтып, "Қайықтаны" қосыла шырқайды.

Ақ бантик. Шәмші Қалдаяқов әндерінің бірсыпырасының сөзін жазған – жерлес бауыры, қазақтың көрнекті ақыны, сазгер Мұхтар Шаханов. "Ақ бантик" – Шәмші Қалдаяқов пен Мұхтар Шаханов тандемінен туған тамаша әндердің бірі. Бұл әннің тууына Шәмші Қалдаяқовтың ескі досы Қаражан Әбіләзимовтың шаңырақ көтеру тойы себеп болыпты. Үйлену тойы құрметіне шақырылған қонақтар қатарында Шәмшімен қатар Мұхтар Шахаов та болады. "Үйлену тойына лайықты сый тарту керек. Бұл сыйымыз ән болсын!" — деп екі талант ән жазуға кіріседі. Әннің тууына себепкер болған Қаражан Әбіләзимовтың жары мектепті жаңа бітірген балауса шағында екен. Ақын қалыңдықтың дәл осы уыздай балғын сипатын негізге ала отырып, тамаша ән мәтінін жазып шығады.

Сазгер әндері 60-70-жылдардагы жастардың аузында жүрді. Халық арасында әсіресе отаншылдық, елшілдік туралы "Менің Қазақстаным" туындысы айрықша болды. 1986 жылы желтоқсан көтерілісіне қатысушылар Алматы алаңы мен көшелерінде Шәмшінің осы әнін ұран етіп шырқап шықты. 2005 жылы "Менің Қазақстаным" әні Қазақстан Республикасының Мемлекеттік әнұраны болып бекітілді.

Менің Қазақстаным. Өткен ғасырдың елуінші жылдары ортасынан Кеңес Одағы билігі Тың және тыңайған жерді игеру науқаны арқылы Қазақстанға өзге республикалардан жұмыс күшін үсті-үстіне төгумен болды. Көп жылдық бұл науқан арқылы аграрлық сала еңбеккерлерінің тұрмыс-ахуалын, жалпы елдің мәдениеті мен экономикалық әлеуетін арттыруда зор серпіліс жасалды. Қазақстан картасында мыңдаған жаңа елді мекендер пайда болды. Мұның бәрі өркениеттің ізгі сипатты болғанымен, қазақ халқы өз жерінде демографиялық азшылыққа ұшырап, 27 пайызға дейін төмендеді. Шаруашылық мақсат деген желеумен байырғы қазақ жері көрші республикаларға бөліп беріліп жатты. Орталықтың бұл білермендігінің ең шарықтау шегі – 1959 жылы КСРО Бас Хатшысы Н.С.Хрущевтің солтүстік бес облыстың орталығын Целиноград атап, Тың өлкесі ретінде РФСР-ге бағынышты етіп беру идеясы болды. Бұл қазақ халқының қарсылығын тудырды. Жұмекен Нәжімеденов пен Шәмші Қалдаяқовтың тандемі "Менің Қазақстаным" әні осы өктемдікке қарсылықтан туған еді.

"Бәрінен де сен сұлу" — жеке өмірі жайлы тың деректер

Шәмші Қалдаяқов жары Жәмиләмен 31 жасында отау құрады. Оның бірқатар танымал әні дәл осы жан-жарына арналған.

"Көп әндерінің алғашқы тыңдаушысы мен болдым. "Сен сұлуды" шығарғанда да "Мені ең бірінші тыңдарманым да, сыншым да өзіңсің, осы әнді сенің құрметіңе шығардым" деп балаша мәз болғаны әлі күнге есімде. Кейде екеуміз көшеде келе жатқанда ыңылдап, бір әуеннің қызығына түсіп кетеді. Сосын үйге жетіп, сол ойындағы әнді мандолиномен, фортепьяномен орындағанша асығады",- дейді Жәмилә Қалдыаяқова on.kz-ке берген сұхбатында. 

Осылайша Шәмші мен Жәмиләнің шаңырағында екі ұл дүниеге келді: Әбілқасым және Мұхтар.

"Үйленгеннен кейін маған кішкентай сегіз пілдің мүсінін сыйға тартты. Ұзақ жылдар бойы көзімнің қарашығындай сақтап жүрдім. Кейін ұлдарымыз Қасым мен Мұхтар дүниеге келді. Екеуі әлгі кішкентай пілдермен ойнағанды жақсы көретін". Жәмилә Қалдаяқова, Шәмші Қалдаяқтовтың жұбайы

Қазір қазақ вальсінің королінің екі ұлы да өнер жолында.

"Шәмші көзі тірісінде балаларының өнер жолына түсуін қатты армандады. Балаларын өз қолымен жетелеп апарып Күләш Байсейітова атындағы өнер мектебіне апарды. Қазір екеуі де кәсіби музыканттар". Жәмилә Қалдаяқова, Шәмші Қалдаяқтовтың жұбайы
"Өзіңмен арыстың — бойында таныстым": 15 тамыз — Шәмші Қалдаяқовтың туған күні, сурет - Zakon.kz жаңалық 15.08.2024 12:56

Сурет: Facebook/Qazaqstan tarihy

Сондай-ақ, Шәмші Қалдаяқов жан досы Төлеген Айбергенов дүниеден өткен соң ақынның жары Үрнисаға үйленеді. Ақынның артында қалған шиіттей бес баланы қамқорлығына алады. Алайда Шәмшінің бұл әрекеті көпшілікке ұнамай, достары да теріс айналған, деп жазады sputnik.kz.

"Шәмші Қалдаяқов әкемнің жақсы жолдасы болған. Бізді жетілдіремін, жеткіземін деп анама үйленді. Екеуі көп тұрмаған. Шамамен екі жыл тұрған", — дейді Айбергеновтің қызы Салтанат Айбергенова.

"Айқайлағанның бәрі әнші емес, арақ ішкеннің бәрі Шәмші емес".

"Шәмшіні әскерге Сібір жаққа жіберген екен. Сөйтіп, олар таң шапағынан қара кешке дейін күннің аязында қарауылда тұрыпты. Сол аязда үсіп қалмау үшін оларға таңертең, түсте, кешке міндетті түрде ішкізеді екен" Мұхтар Шаханов, Шәмші Қалдаяқовтың досы

Бірде, Дінмұхамед Қонаев Шәмшіге "анауыңды қойсаңшы" деген өтініш білдіріпті. Шәмші атын атап айтпаса да, әңгіменің ішімдік туралы екенін бірден түсініп, "аға айтқаныңыз болады" деп құп көріпті.

"Қазір кейбіреулердің "Шәмші ішкіш еді, әйелі мен балаларына күн көрсетпейтін" деген күңкіл әңгімелерін естіп қаламыз. Оның бәрі өтірік. Ол ешқашан отбасының шырқын бұзған адам емес. Шынын айтқанда, сол жылдары ішпейтін адам ілуде біреу еді ғой. Шәмші, керісінше, ащы судан ұрттап алғанда елжіреп, елдің бәрін құшақтап сүюге әзір тұратын. Үйге ұрттап келгеннің өзінде Естайдың "Қорланын" ыңылдап қайталап айта береді, айта береді. Арасында "Ән деп осыны айт" деп таңғалып отырады, сосын ұйықтап кетеді". Жәмилә Қалдаяқова, Шәмші Қалдаяқтовтың жұбайы

Шәмші, өз естеліктерінде ішімдікті 1973 жылы қойдым деген екен. Халық арасында, оны кейбіреулер "Ақан серінің аянынан кейін, Шәмші арақты мүлдем татып алмастай болыпты" деседі. Енді бір алып-қашпа сөздерде, "Шәмші арақпен қатар ән жазуды да қойып кетіпті" деген қауесеттерде кездесіп жатады.

Шәмші Қалдаяқов өмірінің соңында Жамбыл облысындағы Дүнген ауылында тұрды. 1991 жылдың 16 қара­шасында дерті асқынып, ауруханаға түсті. Сол жылдың 29 желтоқсанында композиторға "Қазақстанның Халық әртісі" атағы берілді. Халқын сүйген, халқы сүйген сазгер 1992 жылдың 29 ақпанында көз жұмды.

Жаңалықтан zakon.kz сайтында хабардар болыңыз:
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript
Жаңалықтар трендінде болыңыз!
Хабарландыруларды қосыңыз және алдымен расталған жаңалықтарды алыңыз.

Браузерде хабарландыруларды кез келген уақытта өшіруге болады

Біздің хабарландыруға жазылыңыз!
Хабарландыру қосу үшін қоңырау белгісін басыңыз
Беттегі қате туралы хабарлаңыз
Мәтіндегі қате: