Бірегей тархи суреттер: Алматыдағы кино-фотоқұжаттар мұрағаты жайлы не білеміз?
Мұрағат қойнауында «1943 жылғы 1 сәуірден бастап Алматы қаласында орталық республикалық мемлекеттік кинофотоқұжаттар мұрағатын ұйымдастыру туралы» ҚазКСР Халық Комиссарлар Кеңесінің 1943 жылғы 27 қаңтардағы № 25 қаулысы сақталған.
"Соғыс жүріп жатты, бүкіл ел «Барлығы майдан үшін, барлығы жеңіс үшін» ұранымен жұмыс істеді. Бірақ дәл осы қиын-қыстау кезеңде ел басшылығы мұрағат жұмысының бар маңызын түсіне отырып, кинофотоқұжаттар мұрағатын ашуға шешім қабылдады, – дейді аталған мекемеде 1975 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Ләззат Ақтаева."
Оның айтуынша, іс жүзінде мұрағаттың жұмысы 1943 жылғы маусымда басталған.
"Ең басында тек үш қызметкер болды. Содан кейін сегізге көбейді. Бастапқыда мұрағат жұмысының негізгі бағыты фотоқұжаттарды жинау болатын. Фотоқұжаттар болуы мүмкін мекемелердің тізімі жасалды – газет-журнал редакциялары, мәдени ұйымдар. Ал кино мен фотоқұжаттарды жинауға мүмкіндік болмады, себебі оған бөлме жетіспеді. Мұрағат Красин көшесіндегі бір қабатты шағын ғимаратта орналасқан еді, ал мұрағат жүйесінің өзі сол кезде НКВД-ға тиесілі болатын, – дейді Ақтаева."
Сурет: Орталық мемлекеттік кино және фотоқұжаттар мұрағаты
Мұрағат қорларында алғашқы құжаттар 1943 жылы пайда болды – соғыс жылдарындағы тарихи кадрлары бар кинотаспа, деректі фильмдер, арнайы шығарылымдар, сюжеттер... Сол кезде Алма-Атада мұрағатты толтыруға септігін тигізген қолайлы жағдайлар бар еді. Қалаға Мәскеу, Киев, Ленинградтың кинематографтары эвакуацияланған болатын. Алматыда Орталық Біріккен киностудия базасында «Союзкиножурнал» басылып шықты. Қазір оның шығарылымдары мұрағаттың алтын қорын құрайды.
"Мен бұл бөлімде 43 жылға жуық уақыт жұмыс істеп келемін. Басында бізде киноқұжаттарды көруге мүмкіндік жоқ еді, жабдықтар болмады. Ал қазір кинотаспаны көріп, уақыт кодтарын белгілеп, жылдам айналдырып, қажетті кадрларды таңдай аламыз. Ұзақ уақыт бойы біз Туриннің фильмін көре алмадық, ол 1929 жылы «Түрксіб» фильмін түсірді. Туынды 20 ғасырдағы ең үздік 50 фильмнің қатарына кіреді. Фильм – дыбыссыз, бес бөлімнен тұрады. Құрылыс басынан аяғына дейін көрсетілген. Бір бөлігінде 1929 жылғы Алма-Ата көрініс тапқан, – дейді мұрағат қызметкері."
Сурет: Орталық мемлекеттік кино және фотоқұжаттар мұрағаты
Мұрағаттың оқу залының меңгерушісі Людмила Гусакова киноқор жайында айтып берді.
"Басында мұрағаттың киноқорына «Востокино» студиясының және «Межрабком» кинотрестінің алғашқы деректі очерктері енді. Онда сол кездегі адамдардың өмірі туралы баяндайтын құнды кадрлар бейнеленген. Қазір бізде мұндай киноқұжаттардың 50 мыңнан астам сақтау бірлігі бар. Мұнда сақталған фотоқұжаттардың ең көнелері XIX ғасырдың аяғы мен ХХ ғасырдың басына жатады. Ал мұрағаттың фотоқорында 250 мың сақтау бірлігі бар. Олардың әрқайсысы – тарихтың бір парағындай, – дейді маман."
Ескі Алма-Атаның ерекше фотосуреттері бар – бір көшемен жүріп бара жатқан түйе мен трамвай, әуежай, Алматы теміржол вокзалына келген алғашқы пойыз. Бұл қайталанбас сәттердің бейнелері тек осында – мұрағатта сақталған.
Сурет: Орталық мемлекеттік кино және фотоқұжаттар мұрағаты
Мысалы, мына суретте бейнеленген шағын шіркеу 1887 жылғы жер сілкінісі құрбандарының құрметіне салынған. Сәулетші – Павел Гурде, суретші – Николай Хлудов. Ол кезінде базар алаңында, қазіргі Достық пен Әлімжанов көшелерінің қиылысында тұрған. Ғибадатхана 1927 жылы жойылды.
Мұрағатта магниттік дыбыстық жазбаларда, грампластинкаларда, компакт-кассеталарда, компакт-дискілерде 15 000 сақтау бірлігін құрайтын ерекше фонофонд бар. Бұл – қазақ халық музыкасының, авторлық орындаудағы шығармалардың, айтыстардың, алғашқы қазақ операларының жанды дауыстағы жазбалары.
Ең бастысы – түпнұсқаларды сақтау. Өтйкені, олар – мұрағаттың басты құндылығы.
Сондай-ақ зерттеушілерге құжаттардың қолжетімді болуын қамтамасыз ету, бұл жұмысты мүмкіндігінше қарапайым және ыңғайлы ету маңызды. Мұрағат ақпараттарын цифрландыру бойынша жұмыс тұрақты жүргізілуде. Осылайша, дерекқор құрылады. Ол посткеңестік кеңістікте аналогы жоқ арнайы бағдарлама арқылы жұмыс істейді.
Қазір мұрағаттың жұмыс ауқымы артып келеді, команданың жоспары орасан зор.
Мекеме директоры Ілияс Ысқақов аталған жоспарлармен бөлісті.
Қазір біз мұрағаттың төрт бағыты бойынша жұмыс істеуді жоспарлап отырмыз. Шетелдік мұрағат ұйымдарымен одан да белсендірек жұмыс жасаймыз, себебі, оларда біздің тарихымыз туралы көптеген қызықты материалдар бар. Мәселен, Қытай немесе Иранда. Кезінде қазақтар сол жақтарға жаппай жер аударды. Біздің тарихымызға қатысы бар әрбір деректі бүкіл әлемнен тірнектеп жинауымыз керек.
Сурет: Орталық мемлекеттік кино және фотоқұжаттар мұрағаты
Екінші бағыт – жергілікті мұрағаттармен жұмыс, облыстық мұрағат басшыларымен ынтымақтастығымыз жолға қойылуда. Олардың құжаттарды цифрландыруға мүмкіндіктері аздау, арнайы жабдықтары жоқ. Бұл жұмысты орталық мұрағатта істеуге болады.
Сурет: Орталық мемлекеттік кино және фотоқұжаттар мұрағаты
Үшінші бағыт – барлық мемлекеттік және мемлекеттік емес телеарналар мен радиолардың жұмысына қатысты. Олар құжаттарды мұрағатқа тапсыруы керек. Көбінесе материалдардың барлығы сол жерде шаң басып жатады, болмаса жоғалады, – деп атап өтті Ілияс Ысқақов.
Сурет: Орталық мемлекеттік кино және фотоқұжаттар мұрағаты
Жалпы, мұрағаттың жұмысы өте қызықты. Мұндағы қызметкерлер өз ісін сүйеді, мұрағат ісінің технологиялық процестерін үнемі жетілдіріп отырады.
Сурет: Орталық мемлекеттік кино және фотоқұжаттар мұрағаты
Айта кетейік, Орталық мемлекеттік кинофотоқұжаттар мұрағаты өзінің 80 жылдық мерейтойын алдағы мамыр айында тойланайды. Салтанатты шараға дайындық қызу жүріп жатыр.