Қазақстанда төтенше жағдай кезінде ауруханаларға 20 рет шабуыл жасалған
Төтенше жағдай кезінде зардап шеккен 2740 адам медициналық ұйымға көмек сұрап жүгінген. Оның ішінде 1843 адамға амбулаторлық көмек көрсетілсе, 897 адам ауруханаға жатқызылды. Оның ішінде 188 адам жансақтау бөлімінде жатты. 891 науқас емделіп шықты. Медициналық ұйымдарда қайтыс болғандар саны – 177 адам. Бүгінде 6 адам ауруханада ем алып жатыр. Алматы мен Қызылордада әрқайсысында 3 науқастан, олардың бірінің жағдайы ауыр, оқ жарақаты бар, емдеуді жалғастыруда.Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Байсеркин
Ол еліміздің үш облысында кәмелетке толмаған балалардың жарақат алғанын, Алматыда екеуі оқтан көз жұмғанын, жетеуі әртүрлі оқ жарақатымен ауруханаға жеткізілгенін айтты. Оның ішінде 4 бала Алматы қаласынан, 2 бала Алматы облысынан және 1 бала Жамбыл облысынан.
Сондай-ақ, Алматы облысында бір жүкті әйел зардап шекті. Жалпы, төтенше жағдай кезінде 20 денсаулық сақтау нысанына шабуыл жасалды. Оның ішінде бес аурухана, бір Медициналық-санитариялық алғашқы көмек нысаны, 14 дәріхана Алматы қаласында орналасқан. Осы кезеңде жеті медицина қызметкері зардап шекті, оның бесеуі Алматыда, біреуі Шымкентте және біреуі Алматы облысында.Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Байсеркин
Оның айтуынша, бүлік кезінде 46 жедел жәрдем көлігі зақымданған. Оның басым бөлігі Алматы қаласына тиесілі – 32 автокөлік, төрт көлік мүлде жарамсыз болып қалған.
Комитет басшысы төтенше жағдай кезінде жағдай одан әрі ушығып кеткен жағдайда резерв құру үшін елордадан Алматының республикалық қан орталығына 360-қа жуық қан бірлігі жеткізілгенін айтты.
Сонымен қатар, Ішкі істер министрлігімен бірлесіп, Алматы, Нұр-Сұлтан, Шымкент, Ақтөбе қалаларындағы «СК-Фармация» компаниясының ірі қоймаларында тәулік бойы дәрілерді қорғау бойынша шұғыл шаралар жүргізілді.
Онда тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне кіретін дәрі-дәрмектердің барлығы дерлік сақталады. Сонымен қатар ол жерде есірткі және психотроптық заттар да сақталады. Сенім телефондары ұйымдастырылып, 4 мыңнан астам қоңырау түсті, психологтар келеңсіз жайттарды барынша азайту бойынша жұмыс жасады. Қиын кезеңге қарамастан медициналық ұйымдар әдеттегідей жұмыс істеді. Медициналық көмек көрсетуден бас тарту болған жоқ, толық көлемде көрсетілді.Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Байсеркин