Алматы облысында бір мектептің мұғалімдері жұмысқа шықпай қойды
Алматы облысындағы Алға ауылының ұстаздары жұмысқа шықпай қойды. Олар өздерін құл құсап жұмсап, тіпті жалақыларына дейін қырғидай тиіп, өзін осы мектептің Құдайы сезінетін директор орынбасары Айгүл Туаршиеваның жұмысынан кетуін талап етеді, деп хабарлайды Zakon.kz КТК телеарнасына сілтеме жасап.
"Айгүл Туаршиева бас-көз демей балағаттап, тіпті сабақ кестесін қоюға ақша талап етеді. Ұстаздардың айлығына да қырғидай тиеді-міс. Алайда 58 жастағы орынбасар мұғалімдердің айтқанын теріске шығарып, ешқашан әдептен аспадым деп ашуға мінді", - дейді телеарна тілшісі.
Данагүл Мажақова, мұғалім:
- Осы жұмысқа келгелі бір тыныштық берген емес. Айтпағанды айтады. Сыныптың ішіне кіріп алып айғайлайды. Өзінікін дұрыс қылады. Тыңдамайды. "Менікі дұрыс, сендердікі дұрыс емес" дейді. "Мен – қожайын" дейді. Өзі сатып алған мектебі сияқты. Өзін директордан да жоғары ұстап тұр ғой.
Директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары Айгүл Туаршиевадан мұғалімдер тура бір әзірейілдей қорқады. "Берекемізді қашырды" деген ұстаздар құлқының қамын ойлаған білім ошағының орынбасары білікті мамандарды шетінен қудалап, "жыл сайын жаңа команда жинайды" деп отыр.
Тоты Ынтықбаева, бастауыш сынып мұғалімі:
- Жыл аяғында 12 мұғалім кетеді, жылдың басында 10 мұғалім келеді. Бізде сұрақ туындады. Неге? Сөйтсек, келген мұғалімдерден кем дегенде 150, 200 мың теңге алады екен. Сабақ кестесі ай сайын өзгереді. Мысалы, мұғалім маған шығармашылық қойып берші дейді. Ол 5 мың теңге тұрады. Бір мұғалімнен ай сайын 5 мың алу деген сұмдық.
Көп ұзамай, шуға себеп болған директордың орынбасары да төбе көрсетті. Ол тапсырманы орындай алмайтын сауатсыз қызметкерлер бірігіп, маған «жалап жауып отыр» деп шыр-пыр болды.
Айгүл Туаршиева, мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары:
- Ол кісілер мектеп әкімшілігінің талабын орындамаған мұғалімдер. Яғни, ҰБТда төмен көрсеткіш көрсеткен. Сыныбыны екі алған. Ол енді сұмдық! Мен сыпайы түрде мұғалімдерге кемшілігін айтуым парыз. Ол – менің жұмысым. "Ақша жинайды" дегенге мен қарсымын. Оған еш қатысым жоқ. Ол заңмен қадағаланады.
Алға ауылындағы орта мектепте 300-ге жуық оқушы білім алады. Соңғы он жылда білім ошағының басшысы 8 рет ауысыпты. Ұстаздар 58 жастағы Айгүл Туаршиева арыздарын қарша боратып, директор шақ келтірмеді деп отыр. Жаңа оқу жылында келген жас басшы да орынбасарымен тіл табыса алмаған екен.
Жазира Балыхан, мектеп директоры:
- 29 тамызда бұйрық шыққан. 31-де келдім ұжымға. Естуімше, бұл дау бұрыннан бері тереңдеп кеткен. Мен жаңадан келгендіктен көзімді жеткізу керекпін. Мен жұмыс істеуім керек. Уақыт керек. Маған да намысыма тиетін сөздер айтты. Сонда да түсінуім керек. Жұмысқа қатысты шешім қабылдауым қажет.
Аудандық білім бөлімінің басшысы мектептегі даудың шарықтау шегіне жеткеніне тәжірибелі екі ұстаздың ұзақ жылдан бері араздасуы себеп дейді. Мамандар тараптарды татуластыруға талпынғанымен, еш нәтиже шықпапты. Керісінше, білім ошағындағы психолгиялық ахуал ушыға түскен.
Бәтес Аманова, Еңбекшіқазақ ауданы білім бөлімінің басшысы:
- Бұл шағымдар екі тұлғаның директордың оқу ісі бойынша орынбасары Айгүл Туаршиева мен бастауыш сынып мұғалімі Тоты Ынтықбаеваның бір-біріне жазған шағымдары. Комиссияның шешімі бойынша, бұл екі адамның арасындағы бір-біріне деген түсініспеушілік. Бұл жағдай мектептің оқу тәрбие үрдісіне және педагогикалық ахуалдың ушығуына әкеп соғуы мүмкін. Оның ақиқатына біз жете алмадық. Аудандық білім бөлімдегілер ұстаздардың шағымы бойынша талай мәрте тексеріс жүргізіліп, ешқандай заң бұзушылық фактілер анықталмағанын алға тартады. Сондықтан өзара келісе алмаған мұғалімдерге сотқа жүгінуге кеңес беріп отыр.
Ал директордың оқу ісі жөніндегі орынбасарының жұмыстан кетуін талап еткен ұстаздар Білім және ғылым министрлігіне хат жолдап, соңына дейін күресеміз дейді.