Желідегі тағы бір фейк-ұтыс: Димаш Құдайберген 10 мың доллар сыйлайды...
Желіде әйгілі өнер адамдарының атын жамылып, қазақстандықтарды алдайтын алаяқтар қарасы тыйылмай тұр, деп хабарлайды zakon.kz.
Facebook желісі де алаяқтар торуылдайтын ортаға айналған. 2021 жылдың басында осы әлеуметтік желі арқылы "Тиматиден сауалнама" деген жарнама қазақстандықтарға белсенді түрде таратылды. Сенімділік үшін әнші мен оның продюсерінің видеосы жарияланды, желідегілерге қарапайым сұрақтарға жауап берген адамдарға миллион теңгеге дейін сыйақы уәде етілді, бірақ соңында олар адамды фишингтік сайтқа бағыттап, сонымен қатар "ұтысты" алу үшін қомақты комиссиялар талап етті.
Осындай алаяқтар Димаш Құдайбергенді де айналып өтпеді. Facebook-те Diimaash парақшасы ашылды, жаңадан ашылған парақшада небәрі тек екі жазба ғана бар, парақшаға қойылған Димаштың аватар-суреті және әншініңтікелей эфирдегі ескі видеосы.
Бүгін мен сіздердің барлығыңызға бата беремін. Мұнда пікір қалдырған алғашқы 1000 адам $ 10,000 алады. Маған сеніңіздер, бұл шын дүние. Бұл сыйлық біздің сыйлықтарымызды бұрын-соңды жеңіп алып көрмеген адамдарға арналған, делінген видео астындағы жазбада.
Бұл жалған парақша екендігіне парақша авторларының жазба астындағы пікірлер қатарына қалдырған хабарламасы айғақ.
"Пікір қалдырған және менің хабарламаммен бөліскен адамдарға: 1-қадам, тез арада өзіңіздің атыңызды тіркеңіз (фишингтік сайтқа сілтеме), 2-қадам, 30 минут күтіңіз, біз сізге сыйлық жібереміз, делінген хабарламада.
Егер адамдар осы сілтемеге өтсе, олардың деректері ұрланып, алаяқтардың қолына тиеді. Нәтижесінде, олардың парольдері, банктік қосымшалар туралы мәліметтер алаяқтарға қолжетімді болады және олар оны өз мақсаттары үшін қолдана алады.