Сиыр саууға шығып, қасқырға таланған әйел: Қолымды шайнай бастады...
Тобыл өңірі тұрғындарына қасқырдан қауіп төнді. Аймақтағы Меңдіқара ауданына қарасты Ұзынағаш ауылында түз тағысы екі адамды талаған, деп хабарлайды zakon.kz Астана телеарнасына сілтеме жасап.
Ауылға кірген қасқыр алдымен 19 жастағы жігітке шабуыл жасапты. Одан кейін сиыр саууға шыққан әйелге тап берген. Екеуінің де қол-аяғын тістелеп тастаған. Жедел көмекке келген жергілікті тұрғындар қасқырды атып өлтірді.
Тілеуқабыл ДҮЙСЕНОВ, ҚАРАҚОҒА АУЫЛДЫҚ ОКРУГІНІҢ ӘКІМІ:
Қасқырды атып алып, ел болып, кеше ауданға апарып, тапсырдық. Оны басқа отделенияларда көрген екен. Бірақ енді неше қасқыр деп айту қиын. Мүмкін осы қасқыр бір қасқыр болуы мүмкін.
Айта кетейік, сол күні ауыл ішінде одан басқа тағы бір көкжалды көргендер бар көрінеді. Енді аудандық инспекция мамандары елді-мекен төңірегін тінтіп, түз тағысын іздеуге шыққалы отыр. Дейтұрғанмен, жыртқышқа таланған ауыл адамдарының денсаулығына қауіп жоқ екен. Қазір медициналық көмектен соң, үйге босатылған.
Бидагүл ЕЛЕМЕСОВА, ҰЗЫНАҒАШ АУЫЛЫНЫҢ ТҰРҒЫНЫ:
Айырды секіріп ұшырып жіберді де мені құлатты жерге. Қолымды шайнай бастады. Жұлқылайды да, түріме қарайды.Тағы тістелеп жұлқылайды да түріме қарайды. Екі қолымды сосын аяғымды солай етті. Сүйекке зақым келген жоқ. Түнде районға барып, уколдар беріп, тікті.