Қарулы тараздық бес жігітті сұлатып салды
Жамбыл облысы Саудакент ауылында 22 жастағы жігіт 5 адамды атқан. Оқ тиген 20 мен 24 жас аралығындағы жігіттер Сарысу аудандық ауруханасына жеткізілді, деп хабарлайды zakon.kz ""-ке сілтеме жасап.
Полицияның мәліметінше, ауыл жастарының арасында тектірес болған. Кикілжіңнен кейін күдікті бір топ жігітті 16-шы калибрлі қарумен жайратып салған. Шамамен 30 метр жерден атылған бытыра 5 жігітке тиген. Оқ екеуінің аяғын, біреуінің қарнын жаралаған. Үшеуі қазір аудандық ауруханада ем қабылдап жатыр. Ал қалған екеуі Тараз қалалық көпбейінді ауруханасына жеткізілген. Оқ екеуінің де басына тиіп, біреуінің миына қан құйылған. Қазір олар жансақтау бөлімінде ауыр халде жатыр.
Гамзад Мұсаев, қалалық көпбейінді аурухананың жансақтау бөлімінің меңгерушісі:
- Түскен кездегі жағдайы бір науқастың ауыр болған. Операцияға алынып, миына операция жасалынып, миындағы ұйыған қан алынып, бүгінгі жағдайы жасалған операцияға сай. Есінде. Жағдайы ауыр. Бірақ тұрақты. Екінші науқас операциясыз емделіп жатыр. Қазіргі таңда ем қабылдап жатыр
Ардақ Мәдімаров, облыстық ПД криминалдық полиция бастығы:
- Қазір сотқа дейінгі тергеу басталды. Бұзақылық ниетпен "Бірнеше адамды өлтіруге оқталу" бабымен іс қозғалды. Бұл азаматтардың арасында жанжал болғандығы анықталды. Содан кейін күдікті оларға қарай оқ атқан. Ол жедел іздестіріліп, ұсталды. Қылмысын мойындап, уақытша ұстау изоляторына қамалды.