Қазақша күрес жарысына келген спортшылар қонақүйде төбелесті
20 маусымда полицияның "102" желісіне белгісіз біреудің Қорғалжын тас жолындағы қонақ үй бөлмесінде ер адамды пышақтап, қашып кеткені туралы хабарлама келіп түсті, деп хабарлайды zakon.kz Нұр-Сұлтан ПД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Оқиға орнына полиция қызметкерлері жіберілді.
Тексеру барысында бір топ жастың 15 маусымда "Қазақша күрестен" республикалық жарысқа қатысу үшін Ақтөбеден Нұр-Сұлтанға келгені анықталды.
Жарыс аяқталғаннан кейін, 20 маусымда олар қонақ үйге келген. Сол жерде 21 жастағы екі спортшының арасында жанжал туындап, оның арты қырғын төбелеске ұласқан екен. Ақыры бірі екіншісінің кеуде тұсына пышақ ұрған. Жәбірленуші ауруханаға жеткізілді.
Ал 21 жастағы күдікті ұсталып, тергеу изоляторына қамалды.
Бұл дерек бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Сонымен қатар, тергеу барысында жарысты ұйымдастырушылардың әрекетіне де баға беріледі.