Жер үшін елорда іргесіндегі Тайтөбенің халқы тағы да көтерілді
Ақмола облысындағы елдімекен тұрғындары мен шаруа қожалығы жайылымға таласып жатыр. Бірер жыл бұрын да дәл осындай айғай шыққан. Ол кезде әкімдік мал жайылымына 3 мың гектар береміз деп наразылардың ашуын басқан еді. Бірақ уәде етілген 3 мыңның орнына 800 гектар ғана жайылым бөлініпті. Есесіне дәл ауылдың іргесінде қоқыс өңдейтін зауыт салынғалы жатыр. Бұған жұрт үзілді-кесілді қарсы, деп хабарлайды zakon.kz КТК-ға сілтеме жасап.
Ақмола облысындағы Тайтөбе ауылы ел астанасына тиіп тұр. Халқы да жыл сайын артып келеді. Басым бөлігі мал бағумен күнелтеді. Бірақ мұндағылар соңғы жылдары жайылым үшін жанжалдан қолы босамайтын болған. Ауыл маңайындағы жайылымдар жағалай қоршалған. Тұрғындар мұнда малын жайса, айыппұл салынады. Оның үстіне азаматтардың айтуынша, ауыл маңайындағы 300 гектар жайылым тағы қоршалып жатыр. Бұл жер де толық қоршалмақ. Тұрғындар әкімдікке де, шаруа қожалығының өзіне де талаптарын айтқан. Тек ешқайсысы ауылдықтармен санасуға құлықсыз. Ашулы азаматтар бұл жолы талабымызды орындатпай қоймаймыз деп бекініп отыр.
Гүлнар Жанаева, Тайтөбе ауылының тұрғыны:
- Бір адам осынша жерге мал жайса, мынанша адам қанша жерге мал жаяды сонда, айтыңызшы? Жоқ қой жер, жоқ! Жолды да жауып тұр. Ол енді адам Алладан да сәл қорқу керек қой. Ұят нәрсе. Біздің тілейтініміз сол. Егер оны істемесе, мына халықтың бәрі істейтінін істейді, ашумен. Шығатын жерге шығады.
Тура ауыл іргесінде қоқыс өңдейтін зауыт салынбақ. Тіпті құрылысты бастайтын арнайы бригада келген. Тек ауылдықтар қарсы шығып, әзірге тоқтап тұр. Жайылым жерлерді сатып алған кәсіпкерлердің қоқан-лоққысына тойып біттік дейді тұрғындар.
Саят Мәмбетов, Тайтөбе ауылының тұрғыны:
- Полициямен қорқытады. Маған былтыр айыппұл салды. Қыс бойы шағым жазып шықты. Енді не істе дейді? Неге айыппұл салды? Малың бақшама түсті дейді. Менің малым тек жаныннан кетіп бара жатқан. Артымнан қуып келіп, айыппұл салдырды, бір сағат өтпей тұрып. "Сендер қызық екенсіңдер, айыппұлдарың дайын тұр ма?" - дедім. "Сал" дедім, төледім, енді не істеймін оған?
Ал ауыл әкімі тұрғындардың даурығуы негізсіз деп отыр. Жеке меншіктегі жерге ешкімнің мал жаюға қақысы жоғын да айтты. Оның үстіне мәселе жайылымда емес, бақташының тапшылығында дейді әкім.
Ержан Жолымбетов, Қосшы ауылдық округінің әкімі:
- Табыншы жоқ, мал бағатын кісі таба алмай жатырмыз. Сол мәселе өзекті болып тұр. Мал бос жүр. Тайтөбе ауылында бағатын кісі жоқ. Проблема сол. Бағатын жер бар.
Ауыл маңайын қоршап жатқан шаруа қожалығының иесі бізге мән-жайды түсіндіруге тырысты. Айтуынша, 200 гектар жерді сатып алған. Мұнда мал бордақылайтын алаң салмақ. Ал құрылысқа тосқауыл болып жүрген тұрғындардың кесірінен кәсіпкер бір миллиондай шығынға батыпты.
Мұратбек Раев, шаруа қожалығының өкілі:
- Келесі жолы осындай жағдай болатын болса, сол сәтте 102-ні шақырып, заң жүзінде сөйлесеміз. Мемлекет бөліп берген жерді қалай қоршамасқа? Өйткені біздің малымыз сыртқа шығып кетуі мүмкін, жоғалып кетуі мүмкін. Жоғалып кеткен малға Тайтөбенің тұрғындары жауап бермейді ғой.
Елдімекен маңында ашылады деген қоқыс өңдеу зауыты әзірге жоба күйінде тұр. «Әлі қоғамдық тыңдау өткізіледі» деп сендірді әкім. Ал жайылым мәселесі жуық арада шешілмесе, тұрғындар тас жолды жауып, бірде-бір көлікті өткізбей қоямыз деп бекініп отыр.