Білім министрлігінің масқарасы шықты! Оқулықтан тағы дау туды
Бастауыш сыныпта оқытылатын ағылшын тілі кітабы идеологиялық қатеге толы. 2013 жылы Грекияда басылып шыққан оқулықты көшіре салғандардың еңбегі Білім министрлігінің оң бағасын алып, қолданысқа енгізілген. Сорақысы сол, ондағы идеология Қазақстанның идеологиясына, тіптен қайшы, деп хабарлайды zakon.kz КТК-ға сілтеме жасап.
Ата-аналар ұрпақты дүбәра қылатын бұл кітаптың оқытылуына қарсы. Осы масқараны жақында депутаттар да айтып Парламентке сауал жолдаған. Грекияда 2013 жылы басылған ағылшын оқулығын біздікілер 2017 де айна-қатесіз қайталаған. Кітапты қазақстандық оқушылар меңгеретіндіктен, амал жоқ, Мысырдағы пирамиданың орнына елордадағы бейбітшілік сарайын қоя салған. Ал ұлттық асымызға бас қатырмай лағманды, дәстүрімізге Пасха мен Масленицаны теліген. Сорақысы сол, мұндай мазмұндағы оқулық білім және ғылым министрлігі сараптамасының оң қорытындысын алып, бағдарламаға енгізілген. "Экспресс паблишин" баспасы шығарған оқулық төл бағдарламамызбен үш қайнаса сорпасы қосылмайды. Қай суреттің болмасын соңында сығалаған Қазақстан туына қарап, өз елінде өгейдің күйін кешкендейсің. Ата-аналар да балалардың бұл кітаптан білім алуына қарсы.
Гауһар Медетова:
- Ең басында байқаған нәрсе, яғни бірінші сыныпта ағылшын басталды, алып қараған кезде алфавит жоқ, ештеңесі жоқ. Ең бірінші бір тақпақты жаттап келу, мына сөздерді оқып келу деген мәселе басталды. Яғни алфавиті жоқ, бала, мысалы, әріп танымайды.
"Бала әріпті қалай оқу керек?" деген мәселе ең алдымен сол уақытта туындаған.
Мақсат Әбен:
- Әйел адамның көйлегін киген ер адам болсын, қолына домбыра ұстатқан, соның барлығы баланың психологиясына теріс әсер етеді. Қазақстанның туын бірінші емес, соңғы тұрған мемлекетпен ауыстырған. Екі жер бар, мен өзім қарадым, орыстың аты-жөні жазылған екі жерде қазақтың туы бірінші тұр. Өзге ұлт қазақтың туын биікке көтере алады, қазақ көтере алмайды дегенге саяды.
Оқулықтағы олқылықты осыған дейін парламентте көтерген депутат Мақпал Тәжмағамбетова Алматы облысындағы алаңдаған ата-аналармен кездесті. Сауал жолдағанмен, әзір жауап келмеген. Дегенмен халық қалаулысы бұл мәселе я шік, я бүк болмайынша, соңына дейін жеткізуге бекіген.
Мақпал Тәжмағамбетова, ҚР Парламенті мәжілісінің депутаты:
- Ол менің жеке қадағалауымда, депутат ретінде. Сол сауалымның жауабын күтіп отырмын. Сауалда берілген ұсыныстарға үкімет тарапынан, яғни білім және ғылым министрлігі қандай жауап береді, мен міндетті түрде ол жөнінде айтатын боламын. Сараптама комиссияларына басқа да мамандар толықтырылсын, яғни тағы да бір зерттеліп қаралсын деген. Жалпы мынау әдістемені білім беру бағдарламасы бойынша, алдымен қазақ тілінде жазылып, одан кейін ағылшын тіліне аударылсын деген ұсыныс болатын.
Жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі жақын арада бұл істі майшаммен қарауы мүмкін. Өйткені сараптамадан өткенде көз жұмғандардың кесірі білім сапасына, ұлттық идеологияға салқынын тигізді. Қалай дегенмен айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылмасын деп тілейік.