Алматы облысында мұғалім көлігімен оқушыны қағып, мерт қылды
Алматы облысында тура мектеп жанында оқушыны көлік қағып, мерт қылды. Көлікті тізгіндеген сол білім ордасында сабақ беретін ұстаз болып шықты, деп хабарлайды zakon.kz КТК-ға сілтеме жасап.
Қосөзен ауылында оқушының өмірін жалмаған қайғылы оқиға жол бойында болған. Сабақтан соң алаңсыз үйіне қайтып келе жатқан баланы сол мектепте жұмыс істейтін мұғалім қағып кеткен. Ал айдын күннің аманында ұлынан айырылып аңырап қалған ата-ана: "Мектеп маңында қауіпсіздік шаралары сақталс, мұндай күйге түспес едік" деп қан жылап отыр.
- Ешкімнің басына мұндай қайғы тілемеймін. Ешкімнің басына бермесін мұндай қайғыны ...
Баласын жоқтаған ананың мұң-зары сай-сүйегіңді сырқыратады. Ет жүрегі езілген әкенің де көңілі алай-дүлей. Отбасында бір қыздан кейінгі Ерасыл үйінің кенжесі екен. Сол күні мектепке кеткен ұлды қайтар жолда әпкесі жетектеп келе жатыпты. Қас-қағым сәтте жүйткіген көлік түйреп өткен бала ауруханаға жетпей көз жұмған.
Жанахмет Алтыбаев, Ерасылдың әкесі:
- Құлындай боп еркелеп жүрген бала еді ғой. Жеті жастағы бала, ең тәтті кезі. Сабағын да жақсы оқитын, беске. Бес жасынан бастап сабаққа барған. Мен ұлымның атынан шағым айтайын деп тұрған жоқпын. Бірақ мектепті айдалаға салып тастаған. Мына жерде жүк көліктері ағып жүреді. Тротуар жасап беру керек еді. Екі жағында қоршауымен жасау керек еді
Қаралы отбасының қайғысы бүтін бір ауылды аяғынан тік тұрғызды. Қосөзеннің шетінен оқу маусымында мектеп ашылғанда бір жасап қалған жұрттың қуанышы ұзаққа созылмаған. Өйткені жақын маңдағы саяжайдан келетін балалардың мектепке қатынауы нағыз қияметке айналыпты. Оқушыларды тасымалдауға автобус берілмеген. Екі ортадағы жол бойында тротуар атымен жоқ. Жылдамдықты ескертетін бірде-бір белгі қойылмаған. «Олқылықты әкімдікке сан рет ескерттік» деген тұрғындар баламызды сабаққа жіберуге қорқамыз дейді.
Жібек Сыздықова:
- Ең біріншіден балалардың қауіпсіздігін ойламайды. Бізде балалар екі жақтан келеді. Не жолы жоқ. Қарапайым халыққа болуы керек нәрсені біз неге арттарынан жүгіріп сұрауымыз керек? Біз неге күнде қорқынышпен өмір сүруіміз керек?! Баламыз үйге тірі келе ме, келмей ме деп, қашанғы үреймен отырамыз?
Кәмила Ысқақова:
- Мына жақта 4-5 карьер бар деп естиміз. "КамАЗ" дегендер күндіз-түні біздің жолдан үзілмейді. Жолымыз тар. Бір үйдің кішкентай балапаны кетіп отыр. Міндетті түрде сондай шығын болу керек пе еді, сондай заңдылықты істеу үшін. Мынау сұмдық қой!
Десе де оқушы өлімінен соң әкімдіктегілер жандәрмені қалмай іске кіріскен көрінеді. Бүгіннен бастап саяжайдан балаларды тасуға екі автбоус бөлініпті. Тас жол үстіне жылдамдықты бәсеңдетуге септігін тигізетін кедергілер қойылған. Жақын күндері жылдамдықты асырмауды ескертетін белгілер орнатамыз деп сендірген шенеуніктер тротуар мәселесін де шешеміз дейді.
Айдос Тәженов, Қараой ауылдық округінің әкімі:
- Біздің тарапымыздан хат жазылды. 900 метрлік тротуар, жарықтандырумен бірге. Қазір жұмыс басталды, қазан айында жүргізіп береміз. Енді ауыл тұрғындарының сұрауы бойынша, мына жаққа да тағы 900 метрлік тротуар салсын деп жатыр. Барлығы 18 мың метр, соған 35 миллион теңге қаражат бөлініп жатыр.
Ал полицейлер көлікті тізгіндеген 23 жастағы дене шынықтыру сабағының мұғаліміне қатысты қылмыстық іс қозғалғанын айтады. Қазір сотқа дейінгі тергеу барысында қайғылы оқиғаның жай-жапсары бүге-шегесіне дейін анықталып жатыр.