University Medical Center қорының қызметкері балаларға квота беру үшін пара алған
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызмет Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Саиннің өтініші негізінде University Medical Center корпоративтік қорының балаларды оңалту ұлттық орталығы қызметкерлерінің заңсыз ақшалай сыйақы алу фактілері бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілгенін мәлімдеді.
"БОҰО қызметкерлерінің бірі мүмкіндігі шектеулі балалардың ата-аналарынан балаларды оңалту еміне квота бергені үшін 60-тан 100 мың теңгеге дейін ақшалай қаражат алғаны анықталды".Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі
Ведомство өкілдерінің мәлімдеуінше, тергеу нәтижелері бойынша бірнеше жыл бойы қолданылып келген алаяқтық схема тоқтатылды, ата-аналарға келтірілген залал толығымен өтелді.
Сонымен қатар тергеу барысында балаларды оңалту емін көрсету мәселелері бойынша бірқатар проблемалар мен кемшіліктер анықталды.
Мысалы, өңірлерде квоталардың біркелкі бөлінбеуі, ата-аналардың сенімсіздігі және соңғыларымен түсіндіру жұмыстарының жеткіліксіздігі, ашық және жалпыға қолжетімді кезектіліктің болмауы, сондай-ақ елде осындай республикалық орталықтардың жетіспеушілігі болды.
Осыған байланысты Денсаулық сақтау министрлігінің алаңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Аружан Саиннің, вице-министр Вячеслав Дудниктің, аумақтық денсаулық сақтау басқармаларының, University Medical Center корпоративтік қорының, сондай-ақ БОҰО басшыларының қатысуымен ұсыныс қаралды.
"Талқылау нәтижелері бойынша ҚР Денсаулық сақтау министрлігі сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайту мақсатында өңірлерде республикалық орталықтарға квоталар бөлу жөніндегі комиссиялар құруды жоспарлады".Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметі
Бұдан басқа, жақын арада оңалту еміне мұқтаж адамдардың жалпыға қолжетімді электрондық кезегі іске қосылады.
Ведомство өкіледрінің сөзінше, бұл шаралар қалпына келтіру емін қажет ететіндердің барлығын есепке алуға және оңалту көмегін көрсету қызметтерінің ашықтығын арттыруға мүмкіндік береді.