"Өсіп-өнуге ыңғайлы сыңайлы": Бурабайда сілеусін фототұзаққа ілінді
Сурет: unsplash
Таяуда "Бурабай" орман шаруашылығының инспекторы Әділхан Шәймерденов сілеусінді кезіктірді. Ол осыншама сақ жануарды смартфонының камерасына да іліктіріп үлгеріпті.
"Кешқұрым жұмыстан қайтып келе жатыр едім. Терісінің түсі топырақпен және өсімдіктермен астасып, көзге әрең көрінсе де, байқап қалғаныма өзім де таңғалдым. Телефонымды қосып үлгердім. Ол да 1-2 секундта жалт бұрылып, қалың ағаштың ішіне қарғып кіріп кетті. Керемет жылдам екен", - деді орманшы.
Сілеусін - өте сирек кездесетін, аса сақ, түнде ғана жортатын аң. Жалпы қазақ үшін сілеусін ерекше құрметтейтін аңдардың бірі саналады. "Сілеусіндей қарғыды", "сілеусіндей епті" деген теңеулерді жиі ұшыратуға болады.
"Бурабай" ұлттық паркі сілеусіндер үшін өсіп-өнуге ыңғайлы мекен сыңайлы. Себебі 2021 жылы бұл маңда бар-жоғы 9 сілеусін болса, екі жылда 39-ға жетіп отыр", - деп қосты ол.
Осы орайда парк баспасөз қызметі мысықтұқымдасқа жататын аң туралы қызық фактілерді бөлісті:
- Сілеусін Арқа жерінен бөлек, Жоңғар Алатауы, Скандинавия елдерінде, басқа да қалың қар түсетін суық жерлерді мекендейді. Арктикада да кездеседі.
- 15-20 жыл жасайтын жануардың терісі құнды. Сол үшін де кезінде оны аулаушылар көп болған.
- Еркегінің салмағы 30 килоға дейін жетеді, ұрғашысы 18 килодай тартады.
- Жұмсақ табаны жалпақтау, жүндес болып келеді, сондықтан қалың қарда малтықпай, еркін жүре береді.
- Өте сақ, ақылды жануар. Кейде ізін жасыру үшін артқа қарай жүріп, ізді алдыңғы аяғымен өшіріп оотыратыны бар.
- Ағашқа, тауға оңай өрмелейді, суда жақсы жүзеді.
- Төзімді, аң аулап жүріп тәулігіне 30 шақырымға дейін бара алады.
- Дене тұрқы шағын болса да, аса батыл. Қоян аулап жейтінін айтпағанда, бұғы мен қабанның жас төлдеріне, тіпті ит-мысық сияқты үй жануарларына шабуы мүмкін.
- Түлкі мен сусарға өш. Тіпті тойып тұрса да, бұл екі жануарды көрсе, өлтіруге тырысады.
Бөлісу
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript