Мемлекет басшысы бюджетті жоспарлау мәселелері бойынша жиын өткізді
Сурет: akorda.kz
Ақорда мәліметіне сүйенсек, іс-шараға Премьер-министр Олжас Бектенов, Президент Әкімшілігінің басшысы Айбек Дәдебай, Ұлттық банк төрағасы Тимур Сүлейменов, Жоғары аудиторлық палата төрағасы Әлихан Смайылов, Премьер-министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғарин және басқа да лауазымды тұлғалар қатысты.

Сурет: akorda.kz
Ұлттық экономиканың қазіргі жай-күйі мен даму перспективасы, сондай-ақ 2026-2028 жылдарға арналған республикалық бюджеттің параметрлері туралы баяндамалар жасалды.
Талқылау барысында Мемлекет басшысы республикалық және жергілікті деңгейде қаржыны тиімді жоспарлау мен бөлудің маңызы зор екенін атап өтті.

Сурет: akorda.kz
Президент бюджеттің теңгерімділігін қамтамасыз етуге, барлық әлеуметтік міндеттемелер мен өңірлердің ұзақмерзімді жоспарларын қаржыландыруға, сонымен қатар қаражатты мақсатқа сай бөлуге және игеруге баса назар аудару қажет деп санайды.