Тоқаев Каспийдің су ресурстарын сақтау және жасанды интеллектті дамыту мәселелерін көтерді
Сурет: primeminister.kz
Қасым-Жомарт Тоқаев Каспийдің су ресурстарын сақтау және жасанды интеллектті дамыту мәселелерін көтерді, деп хабарлайды Zakon.kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев жасанды интеллект технологияларын енгізу арқылы цифрлық трансформация жүргізу өзекті міндетке айналғанына тоқталды. Сондай-ақ Қазақстан бұл салада кешенді жұмыс жүргізіп жатқанына мән берді.
"Жақында ғана Астанада Халықаралық жасанды интеллект орталығы ашылды. Ол әлемдік компаниялармен, соның ішінде ресейлік кәсіпорындармен серіктестік орната отырып, отандық әзірлемелердің біртұтас экожүйесін құруды көздейді. Сонымен қатар ұлттық суперкомпьютер іске қосылды. Екінші суперкомпьютердің жұмысын жолға қою міндеті жүктелді. 400 мыңнан астам студентті қамтитын арнаулы мемлекеттік бағдарлама жүзеге асырылып жатыр. Жасанды интеллект саласындағы зерттеу университетін ашу жұмыстары басталып кетті. Біз тәжірибе алмасуға, өзара тағылымдамалар өткізуге, зерттеу жобаларына және басқа да бірлескен бастамаларға қатысуға дайынбыз. Ғылыми және өндірістік инновация бойынша әлемдік көшбасшылардың бірі саналатын Ресеймен ұзақ мерзімді әрі нәтижелі ынтымақтастық орнатуға ерекше қызығушылық танытамыз. Сондай-ақ мұны екіжақты ықпалдастықтың басым бағыты ретінде қарастырамыз", - деді Президент.
Мемлекет басшысының айтуынша, аймақ елдері бұрын-соңды болмаған экологиялық сын-қатерлермен бетпе-бет келіп отыр. Оны еңсеру үшін үкіметтер мен салалық ведомстволар басшылары деңгейінде жүйелі шаралар қабылдау қажет.
"Осыған орай Экология мәселелері жөніндегі Ресей және Орталық Азия елдерінің министрлер кеңесін бекітуді ұсынамыз. Трансшекаралық өзендер мен Каспий теңізінің жағдайына баса назар аудару керек. Бұл күрделі мәселені шешуге Каспийдің су ресурстарын сақтау бойынша мемлекетаралық бағдарламасын іске асыру ықпал етеді. Су қауіпсіздігінің қазіргі жағдайы да алаңдатпай тұрмайды. Су ресурстары мен ауыл шаруашылығы жерлерінің жай-күйін бақылау, сондай-ақ төтенше жағдайларды болжау үшін жасанды жер серіктерін пайдалана отырып ғарыштық мониторинг бойынша бірлескен бағдарлама жасақтауды және іске асыруды ұсынамыз", - деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Президент Ресей мен Орталық Азия елдері сан қырлы мәдени-гуманитарлық байланыстарды дамытуға баса назар аударуы қажет деп санайды.
"Бұл орайда елдерімізді біріктіретін, жалпы ортақ құндылығымыз саналатын орыс тілінің орны ерекше. Бірлескен күш-жігердің арқасында Халықаралық орыс тілі ұйымын құрғанымыз қуантады. Оның штаб-пәтері Сочи қаласында орналасқан. Ел алдында сөйлеген сөздерімде қазақ жастарының орыс тілін жетік меңгергені маңызды екенін айтып жүрмін. Бірақ бұл талап қазақ тілінің мемлекеттік мәртебесін одан әрі нығайтуға бағытталған жүйелі жұмыстарға кедергі келтірмейді. Құдай берген ана тілдеріміз конституциялық тәртіппен мемлекеттік мәртебеге ие болды. Сондықтан қазақ тіліне бұрынғыдай көңіл бөліне береді. Жастарымыз биліктің қолдауымен екі, тіпті үш-төрт тілді оңай меңгере алатынына сенімдімін. Мұндай мысалдар әлемде аз емес. Анығын айтқанда, Қазақстандағы жағдай осындай. Еліміздің әр азаматы өзіне ыңғайлы тілде сөйлеуге құқылы. Бұл – "Бірлігіміз – әралуандықта" деп аталатын ұлттық саясатымыздың өзегі", - деді Мемлекет басшысы.
Мақаламен бөлісу
Оқи отырыңыз
Если вы видите данное сообщение, значит возникли проблемы с работой системы комментариев. Возможно у вас отключен JavaScript