Қуалап жүріп пышақтаған: Шымкентте бойжеткенді қатыгездікпен өлтірген күдікті әлі күнге табылмай жатыр
Фото: Zakon.kz
Марқұм Сымбат Серікбай күні кеше кісі қолынан қаза тапты. Екі ағасы бар үйінің жалғыз қызын 28 жастағы ер адам қуалап жүріп пышақтаған. Онымен қоймай бетін де тіліп тастаған. Almaty.tv дерегіне сүйенсек, қанды қылмыс қала ортасындағы Төлеметов пен Өтегенов көшелерінің қиылысында болған. Сұмдық сәттің барлығы маңайдағы бейнекамераға түсіп қалыпты.
Ал бүгін жас қыздың денесін туған-туыстары мәйітханадан алып шықты. Қайғылы жағдайдан кейін олар әлі де өзіне келе алмай отырғанын жеткізді.
Бүгінде күдіктінің кім екені белгілі болған. Алайда полицейлер оны әлі де қолға түсіре алмай отыр. Алдын ала дерек бойынша, кінәлі азамат "HYUNDAI" көлігімен қашып кеткен көрінеді.
"Бұл жайт бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Күдіктінің жеке басы анықталды. Алдын ала мәліметке сәйкес, ол жәбірленушімен бұрын таныс болған. Қазіргі уақытта оны ұстауға және қылмыстық жауапкершілікке тартуға бағытталған барлық қажетті жедел-іздестіру іс-шаралары жүргізіліп жатыр",- деді қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Марқұм Сымбат Серікбай ертең туған жері Түркістан облысы, Төрткүл ауылында жерленбек. Қыршыннан қиылған бойжеткеннің туыстары әділдікті талап етіп, қылмыскердің жазасыз қалмауын сұрап отыр.